Түркия Ұлттық қорғаныс министрлігінің Баспасөз және қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі әрі министрлік өкілі Зеки Актүрік министрлікте өткен апталық баспасөз брифингінде мәлімдеме жасады.
Зеки Актүрік екіжақты ынтымақтастық, өңірлік бастамалар және көпұлтты миссиялар аясында әлемнің түрлі аймақтарында табысты қызмет атқарып жүрген Түркия Қарулы күштерінің өңірлік және жаһандық бейбітшілікті сақтауға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Осы орайда ол 7 тамызда Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясының Мекке ортақ қорғаныс келісіміне қол қойғанын еске салды. Актүріктің айтуынша, келісім үш ел арасындағы қалыптасқан достық пен бауырластық қатынастарды қорғаныс және қауіпсіздік саласында анағұрлым институционалды әрі тұрақты деңгейге көтеруді көздейді.
Актүрік келісімнің негізгі мақсаты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлес қосу, үш ел арасындағы әскери ынтымақтастықты дамыту және ықтимал дағдарыстар кезінде бірлесіп әрекет ету мүмкіндігін күшейту екенін айтты.
«Бұл келісім қорғаныс мақсатында жасалған және ешбір елді ортақ жау немесе қарсылас ретінде қарастырмайды», – деді ол.
Актүрік келісім аясында қорғаныс және сыртқы істер министрлері, бас штаб басшылары мен қарулы күштер қолбасшыларының қатысуымен стратегиялық саяси және әскери тетіктер құру, сондай-ақ үш ел арасындағы үйлестіруді ең жоғары деңгейде жүзеге асыру жоспарланғанын мәлімдеді.
Зеки Актүрік: «Осы аяда алдымен командалық, штабтық және далалық жаттығулар өткізу, ал кейінгі кезеңдерде құрлық, теңіз, әуе күштері, әуе қорғанысы мен ұшқышсыз жүйелердің қатысуымен бірлескен оқу-жаттығулар ұйымдастыру көзделіп отыр», – деді.




















