Израиль 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газадағы бейбіт тұрғындарға қарсы шабуылдарын жалғастырып келеді.
Газадағы гуманитарлық дағдарыстың алғашқы күнінен бері Палестина халқына қолдау көрсетіп келе жатқан Түркия дипломатиялық бастамаларымен қатар, «AFAD» пен Түрік Қызыл Жарты Ай қоғамы арқылы өңірге азық-түлік, су, гигиеналық заттар мен шатырларды қоса алғанда бірнеше тонна көмек жеткізді. Сондай-ақ емделуге мұқтаж газалықтарды Түркияға әкеліп, медициналық көмек көрсетті.
«AFAD»-тың ұйымдастыруымен әуе және теңіз арқылы гуманитарлық көмек дәлізі құрылды
Төтенше жағдайлар мен апаттарды басқару басқармасының («AFAD») үйлестіруімен жүргізілген гуманитарлық көмек науқаны аясында өңірге көмек жеткізу үшін 21 кеме мен 14 ұшақ жұмылдырылды. Осылайша өңірге барлығы 111 мың 567 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді.
1051 жүк көлігімен шамамен 16 мың тонна гуманитарлық көмек Рафах шекара өткелі арқылы Газаға жеткізілді. Сондай-ақ өңірге 8 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.
Түрік Қызыл Жарты Ай қоғамының көмегі жалғасуда
Шабуылдардың алғашқы күнінен бастап аймақта белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқан Түрік Қызыл Жарты Ай қоғамы «Қайырымдылық кемелері» арқылы Газаға 25 мың тоннадан астам көмек жеткізді. Өңірде ушығып отырған азық-түлік дағдарысына байланысты осы уақытқа дейін 11 миллионнан астам адамның азық-түлік қажеттілігін қамтамасыз еткен ұйым күн сайын 30 мың адамға ыстық тамақ таратады.Түрік Қызыл Жарты Ай қоғамы аймаққа азық-түлікпен қатар ауызсу да жеткізуде. Ұйым күн сайын 150 тонна таза су таратып, 15 мың адамның өмірлік маңызы бар қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Індетке қарсы осы уақытқа дейін 200 мыңнан астам гигиеналық жиынтық таратқан ұйым шұғыл баспана қажеттілігі үшін аймаққа 3 мыңнан астам шатыр жеткізді.
Сонымен қатар арнайы жоба аясында шабуыл салдарынан аяқ-қолынан айырылған Газа тұрғындарын протезбен қамтамасыз ете бастады.
Жаралылар Түркияда ем қабылдады
Түркияның қолдауы тек гуманитарлық көмекпен шектелген жоқ. Газадағы медициналық қызметтердің жалғасуы үшін ауруханалардың қажеттіліктері қамтамасыз етіліп, жараланғандар мен науқастар әрі қарай ем алу үшін Түркияға жеткізілді. Ем қабылдаған Газа тұрғындарымен бірге келген олардың жақындарына да жағдай жасалды.
Ауқымды гуманитарлық көмек жұмыстарына мемлекеттік мекемелермен қатар Түркия халқы да белсенді атсалысты. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған көмек Газаға жеткізіліп, бір отбасының үмітіне, әрбір көмек бүкіл халықтың қолдауына айналды.
Түркия Израильдің шабуылдары мен қоршауы салдарынан тереңдей түскен гуманитарлық дағдарыс пен ауыр зардаптарға қарамастан аймаққа көмек қолын созуды жалғастырып келеді. Газа халқы да бұл ынтымақтастықты ұмытқан жоқ. Ең қиын күндерде жанынан табылған Түркия халқының қолдауын жадында сақтаған газалықтар қираған қабырғаларға Түркия туын және ынтымақтастықты бейнелейтін суреттер салып, Түркияға «Бұл сіздер үшін» деген жазумен алғыс айтты.




















