Украина президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні Ресейдің Украинаға қарсы «ауқымды шабуылға» дайындалып жатқанын мәлімдеп, халықты әуе дабылдарына назар аударуға шақырды.
Зеленский кешкі үндеуінде билік шабуылға дайындық туралы жаңа барлау мәліметтерін алғанын, ал әуе күштері мен басқа да бөлімшелер «қорғаныс мүмкіндіктері жеткенше» тойтарыс беруге дайын екенін айтты.
«Көп нәрсе серіктестерімізге, яғни бізге қажетті қорғаныс мүмкіндіктеріне ие және оларды бізге бере алатын әлем елдеріне де байланысты. Әсіресе Америка Құрама Штаттары мен Еуропаның бұған саяси ерік-жігер танытуы аса маңызды», - деді Зеленский.
Мәскеу шетелдіктерді Киевтен кетуге шақырды
Ресей Сыртқы істер министрлігі өткен аптада шетел азаматтарын Киевтен кетуге және Украинаға сапарлай бармауға шақырған болатын.
Министрлік Мәскеудің Киев пен Украинаның басқа қалаларындағы әскери нысандарға бағытталған «ауқымды қарымта шабуылдарын» жалғастыратынын мәлімдеді.
Мәлімдемеде бұл шабуылдар Украина күштерінің Ресейдің бейбіт тұрғындары мен инфрақұрылымына қарсы жасаған «террорлық әрекеттеріне» жауап екені айтылды.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков дүйсенбі күні Киевті Ресейдің «азаматтық экономикасына» бағытталған шабуылдарды кеңейтті деп айыптап, Ресейдің Украинаға қарымта шабуыл жасап жатқанын хабарлады.
«Қарулы күштеріміздің қазір жасап жатқаны — осы әрекеттерге жауап беру. Украина бұл әрекеттері үшін жауап беруі тиіс және міндетті түрде жауап береді», - деді Песков.



















