САЯСАТ
2 ... минут оқылды
Президент Зеленскийдің мәлімдемесі Оңтүстік Кореяның наразылығын туғызды
Өткен аптада Украина президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясында тұтқындарды ауыстыру мәселесіне қатысты жасаған мәлімдемесі Сеулдің наразылығын тудырды. Оңтүстік Корея билігі бұл үдеріс құпия сақталуға тиіс деп санайды.
Президент Зеленскийдің мәлімдемесі Оңтүстік Кореяның наразылығын туғызды
Президент Ли Чжэ Мён Украина тарапының кешірім сұрауын күтетінін мәлімдеді. (МҰРАҒАТТЫҚ СУРЕТ)

Өткен аптада Украина президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясында тұтқындарды ауыстыру мәселесіне қатысты жасаған мәлімдемесі Сеулдің наразылығын тудырды. Оңтүстік Корея билігі бұл үдеріс құпия сақталуға тиіс деп санайды.

Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига бейсенбі күні қалыптасқан жағдайды «дипломатиялық түсінбеушілік» деп атап, Киев мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.

Алайда Оңтүстік Корея президенті Ли мұндай мәлімдемемен келіспей, мәселе «корей халқы мен ұлтының абыройына» қатысты екенін мәлімдеді.

Құпиялылық туралы келісімге қатысты дау

Оңтүстік Корея президентінің кеңсесі тұтқындарды ауыстыру ісін құпия ұстау туралы өтініш Украина тарапынан түскенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, мұндай шешім Солтүстік Корея сарбаздарының отбасыларын қорғау, сондай-ақ Киевтің бұл сарбаздарды өз тұтқындарына айырбастау мүмкіндігін жіберіп алды деген сыннан сақтану мақсатында қабылданған.

Ал Зеленскийдің кеңсесі екі ел арасында құпиялылық туралы мұндай келісім болмағанын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме екі тарап арасындағы шиеленісті күшейтті.

2022 жылдан бері жалғасып келе жатқан Украинадағы соғыста Ресейді қолдап жүрген Солтүстік Кореяның мыңдаған сарбазының қатарында болған екі әскери қызметші Оңтүстік Кореяға жіберілген. Бұған дейін олардың жергілікті БАҚ өкілдеріне Оңтүстік Кореяға барғысы келетінін айтқаны хабарланған еді.

Ішкі саяси қысым және соғысты қоздыру туралы айыптау

Зеленскийдің мәлімдемесінен кейін Оңтүстік Кореядағы оппозиция президент Лиді Пхеньянмен қарым-қатынасты бұзбау үшін бұл трансферді құпия ұстауға тырысты деп айыптады.

Украина сыртқы істер министрі Сибига мәселе жуық арада шешіледі деген үмітін білдірді. Ал Ли Киевті «Корей түбегіне соғыс әкелуге тырысып отыр» деп айыптады.

Ли Украина келісімге қатысты жайттарды мойындап, кешірім сұраудың орнына Солтүстік және Оңтүстік Корея арасында алдағы уақытта әскери қақтығыс болуы мүмкін екенін сөз еткеніне қатты өкініш білдірді.

Сеул Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылығы басталғалы бері Киевке қолдау көрсетіп келеді. Алайда Оңтүстік Корея соғыс жүріп жатқан елдерге өлімге әкелетін қару-жарақ бермеу жөніндегі бұрыннан қалыптасқан саясатын жалғастырып отыр.