САЯСАТ
2 ... минут оқылды
Шушада Түркия, Әзербайжан және Грузия ынтымақтастығы талқыланды
Түркия Ұлттық қорғаныс министрі Яшар Гүлер Әзербайжанның Шуша қаласында өткен үшжақты кездесуде өңірлік ынтымақтастықтың, аумақтық тұтастықты қолдаудың, сондай-ақ энергетика және көлік жобаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.
Шушада Түркия, Әзербайжан және Грузия ынтымақтастығы талқыланды
Шушада Түркия, Әзербайжан және Грузия ынтымақтастығы талқыланды / َAA

Түркия Ұлттық қорғаныс министрі өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылық тұрғысынан Түркия, Әзербайжан және Грузия арасындағы ынтымақтастықтың ерекше маңызға ие екенін айтып, Кавказдағы қауіпсіздіктің осы үш елдің қауіпсіздігімен тікелей байланысты екенін мәлімдеді.

Үш елдің қорғаныс министрлері бас қосқан жиынға қатысу үшін Әзербайжанның Шуша қаласына келгеніне қуанышты екенін жеткізген Яшар Гүлер жұма күні жасаған мәлімдемесінде Түркия, Әзербайжан және Грузияны ортақ тарих, ортақ география, өзара сенім мен берік достық біріктіретін үш дос әрі көршілес ел деп атады.

Гүлер үш ел арасындағы берік байланыстардың барған сайын артып, көпсалалы стратегиялық ынтымақтастыққа айналып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Оңтүстік Кавказдың маңызды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтты.

Түркияның Әзербайжан мен Армения арасында бейбітшілік орнатуға бағытталған соңғы өзгерістерді оң бағалайтынын айтқан Гүлер: «Бұл жаңа кезең өңір елдерінің ортақ күш-жігері нәтижесінде Оңтүстік Кавказда ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деп сенеміз. Осы тұрғыдан алғанда Түркия–Әзербайжан–Грузия ынтымақтастығы ерекше маңызға ие», – деді.

Гүлер үш ел арасындағы энергетика, көлік және коммуникация жобаларының тек экономикаға ғана емес, сонымен қатар өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа да елеулі үлес қосып отырғанын атап өтіп, «Бұл жобалардың қауіпсіз жүзеге асырылуын қамтамасыз ету  ̶  елдеріміздің ортақ жауапкершілігі», – деді.

«Берік қолдау»

Үш елдің қарулы күштері арасында өткізілетін бірлескен әскери жаттығулар, оқу-жаттығу және тәжірибе алмасу сияқты іс-шаралар осы ортақ жауапкершіліктің іс жүзіндегі көрінісі екенін айтқан Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі: «Кавказдағы қауіпсіздікті Түркия, Әзербайжан және Грузияның қауіпсіздігінен бөлек қарастыруға болмайды. Осы ұстаным негізінде Грузия мен Әзербайжанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына берік қолдау білдіретінімізді тағы да атап өткім келеді. Алдағы кезеңде де үш ел арасында қалыптасқан өзара сенім мен ынтымақтастықты Кавказдағы бейбітшілікке, қауіпсіздікке, тұрақтылық пен өркендеуге қызмет ететіндей деңгейге одан әрі арттыруға дайынбыз», - деді.

Гүлер Шушада Әзербайжан Қорғаныс министрі, генерал-полковник Закир Гасановпен және Грузия премьер-министрінің орынбасары әрі Қорғаныс министрі Иракли Чикованимен жеке-жеке екіжақты кездесулер өткізді.