Украина Ресей астанасы Мәскеуге 350-ден астам дронмен шабуыл жасап, салдарынан 3 адам қаза тапты.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин әлеуметтік желідегі парақшасында Украинаның кеше жергілікті уақыт сағат 20:30-дан бері Мәскеу өңіріне 350-ден астам дрон жібергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, дрондардың басым бөлігі алыстан жойылған, ал Мәскеуге жақындаған 50 дрон атып түсірілген.
Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев әлеуметтік желіде өңірге бағытталған шабуылдар кезінде 81 дронның жойылғанын хабарлады.
Воробьев: «Өкінішке қарай, қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Истра ауданындағы Пионерский ауылына дрон құлап, салдарынан 3 адам қаза тауып, 3 адам жараланды. Бес тұрғын үйде өрт шықты. Солнечногорскіде бір дрон көпқабатты үйге соғылып, 2 адам жараланды. Ғимараттың қабырғасы мен терезелері зақымданды», – деді.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесі
Ресей Қорғаныс министрлігі түнде Ресей армиясының Украина порттарына шабуылдарын жалғастырғанын хабарлады.
Мәлімдемеде: «Ресей Қарулы күштері алыс қашықтықтан ұшырылатын жоғары дәлдіктегі қарулар мен соққы беруші дрондармен шабуылдады. Нәтижесінде Одесса облысындағы Черноморск портында әскери жүктерді, жанармай мен май өнімдерін түсіруге және сақтауға арналған порт нысандарына соққы берілді», – делінген.


















