Рекордтық аптап ыстық толқыны Еуропаның кейбір аймақтарын шарпыды; көптеген елде ауа температурасы 40°C-тан асып, денсаулыққа қатысты жаппай ескертулердің жариялануына, көлік қатынасының бұзылуына және орман өрттеріне әкеп соқтырды.
Еуропа тағы бір мәрте рекордтық деңгейдегі температурамен және аптап ыстықпен күресіп жатқанда, Түркияның оңтүстігіндегі көпке мәлім танымал курорттардан тыс жерлерді зерттегісі келетін саяхатшылар елдің таулы аймақтарынан, ормандары мен теріскей жағалауларынан неғұрлым салқын демалыс орындарын таба алады.
Түркия салқындағысы келетіндер үшін жаздың аптабынан бой тасалауға болатын әртүрлі мекендерге бай: бұл жерлерде тау лебі, қалың орман және Қаратеңіздің салқын ауасы алдыңғы шепке шығады. Солтүстік-шығыстағы шалғай жайлаулардан бастап, Эгей теңізінің тыныш аралдарына дейін Еуропаның аптап ыстық курорттарына салқын балама ұсынатын бес мекен назарларыңызда.
Шавшат, Артвин
Түркияның солтүстік-шығысында, Грузия шекарасына жақын орналасқан Шавшат Альп тауларының көрінісін еске түсіретін пейзаждарымен, қалың ормандарымен және дәстүрлі жайлау ауылдарымен танымал. Бұл аудан бай биоәртүрлілігімен және жақсы сақталған экожүйелерімен әйгілі, ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Шавшат биосфералық резерватының бір бөлігі болып табылады. Қарағайлы орманмен қоршалған мұздық көлі бар «Карагөл» ұлттық саябағы — аймақтың ең танымал көрікті жерлерінің бірі. Саяхатшылар жаяу жүру соқпақтарымен серуендей алады, Карагөл жағасында лагерь құра алады немесе жақын маңдағы Сахара жайлауы сияқты демалыс орындарына бара алады. Тіпті Тибет шіркеуі, Сатлел бекінісі және дәстүрлі ағаш үйлері бар ауылдар да туристердің қызығушылығын тудырады.
Бозджаада, Чанаккале
Эгей теңізінің солтүстік-шығысында орналасқан Бозджаада — Түркияның үшінші ең үлкен аралы. Бұл арал тарих бойы гректер, римдіктер, византиялықтар мен османдықтарды қоса алғанда, бірінен соң бірі көптеген өркениетке бесік болған. Бүгінгі таңда ол өзінің сақталған тас сәулетімен, жүзімдіктерімен, тарихи бекінісімен және Эгей теңізінің еш тынбайтын желінен туындайтын салыстырмалы түрде қоңыржай жазғы климатымен белгілі. Мұнда келушілер Бозджаада бекінісін тамашалай алады, аралдың түрік және грек аудандарын аралай алады немесе Аязма, Аквариум және Сулубахче сияқты жағажайларда шомыла алады. Арал сонымен қатар велосипед тебу, желкенді қайық және виндсерфинг секілді спорт түрлері үшін де танымал орын. Чанаккале уәлаятындағы Гейиклиден жыл бойы паром жүріп тұрады, сапар шамамен 30 минутты алады. Ең жақын әуежайлар — Чанаккале әуежайы мен Балыкесир Коджа Сейит әуежайы, екеуі де автожол арқылы паром терминалына жалғасады.
Амасра, Бартын
Түркияның батыс Қаратеңіз жағалауында орналасқан Амасра — тамыры 3 000 жылдан астам уақытқа созылатын тарихи портты қалашық. Кезінде ежелгі Пафлагонияның бір бөлігі болған бұл қала кейіннен Рим, Византия, Генуя және Осман империяларының билігіне өткен. Амасра өзінің табиғи порты мен жақсы сақталған көне қаласының арқасында Қаратеңіздің ең көп адам келетін, жағалаудағы елді мекендерінің бірі. Қаладағы басты туристік орындардың қатарында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының уақытша тізіміне енген Амасра бекінісі, Кемер көпірі, Амасра мұражайы және Қаратеңізге қарайтын панорамалық алаңдар бар. Саяхатшылар сонымен қатар жақын маңдағы жағажайларды, балықшы порты мен Күре таулары ұлттық саябағын да аралап көре алады. Амасра Бартын қаласының орталығынан шамамен 17 шақырым жерде орналасқан. Ең жақын әуежай — шамамен 55 шақырым қашықтықтағы Зонгулдак Чайджума әуежайы. Амасраны Анкара, Стамбул және басқа да ірі қалалармен байланыстыратын тұрақты автобус рейстері де бар.
Чамлыхемшин, Ризе
Түркияның шығыс Қаратеңіз аймағындағы Качкар тауларында орналасқан Чамлыхемшин елдің ең танымал таулы пейзаждарына ашылатын қақпа іспетті. Бұл аудан дәстүрлі хемшин мәдениетімен, Осман дәуірінен қалған тас көпірлерімен, тау өзендерімен және қорғауға алынған табиғи аумақтарымен танымал. Келушілер әдетте Чамлыхемшинді Айдер жайлауына, Качкар таулары ұлттық саябағына және Фыртына аңғарына жасалатын саяхаттар үшін негізгі бекет ретінде пайдаланады. Мұнда жаяу жүру (трекинг), рафтинг, зиплайн, фотосурет түсіру және Зилкале мен Паловит сарқырамасы сияқты тарихи орындарды аралауға болады. Чамлыхемшин Ризе қаласының орталығынан шамамен 50 шақырым жерде. Ең жақын әуежай — шамамен 30 шақырым қашықтықтағы Артвин Ризе әуежайы. Ал Трабзон әуежайы батысқа қарай шамамен 150 шақырым жерде орналасқан. Ауданға Қаратеңіз жағалауы тас жолы арқылы жетуге болады.
Абант, Болу
Абант көлі және оның айналасындағы табиғи саябақ — Түркияның ең танымал орманды демалыс орындарының бірі. Мыңдаған жылдар бұрын көшкін нәтижесінде пайда болған және шамамен 1350 метр биіктікте орналасқан бұл тұщы сулы көл қарағай, шырша және шамшат ормандарымен қоршалған. Аймақ төрт мезгіл бойы ішкі туризм үшін танымал орын болу ерекшелігін сақтап келеді. Саяхатшылар көлдің айналасында серуендей алады, велосипед немесе атқа міне алады, пикник ұйымдастырып, жабайы табиғатты суретке түсіре алады немесе жақын маңдағы «Йедигөлдер» (Жетікөл) ұлттық саябағы мен Гөлджүк табиғи саябағы сияқты туристік орындарды аралай алады. Болу қаласының орталығынан шамамен 35 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан Абантқа Стамбулдан да, Анкарадан да автокөлікпен шамамен үш сағатта жетуге болады.


















