Декларацияда мүше елдердің НАТО-ның ұжымдық қорғаныс бабы болып табылатын 5-ші бапқа және трансатлантикалық байланысқа деген «айнымас адалдықтарын» растау үшін Анкарада бас қосқандарына назар аударылып, «Бір одақтасқа жасалған шабуыл — барлық одақтастарға жасалған шабуыл. Біздің бірлігіміз, ынтымақтастығымыз бен ұжымдық күшіміз еркін және демократиялық ұлттардан тұратын Альянсымыздағы 1 миллиард азамат үшін бейбітшілік, қауіпсіздік пен өркендеудің негізі болуды жалғастыруда. Біз тежеу мен қорғанысқа қатысты 360 градустық ұстанымымызға адалдығымызды сақтаймыз», — делінді.
«Ресейдің Еуропа-Атлантикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығына төндіретін ұзақ мерзімді қатеріне және терроризм қаупіне қарсы тұру мақсатында одақтастардың Гаага қорғаныс міндеттемесін жүзеге асырғаны» атап өтілген декларацияда еуропалық одақтастар мен Канаданың 2025 жылы негізгі қорғаныс қажеттіліктеріне бағытталған инвестицияларын 139 миллиард доллардан астам арттырғаны баса айтылды.
50 миллиард доллардан асатын жаңа жеткізілім келісімі
Декларацияда инвестициялардың қажетті мүмкіндіктерді қамтамасыз ете отырып, қорғаныс өнеркәсібі мен тұрақтылықты да нығайтатынына нұсқалып, мыналар атап өтілді:
«Бүгін Анкарада біз 50 миллиард доллардан асатын жаңа жеткізілім келісімін жариялаймыз және ұжымдық өндірістік қуатымызды арттыру әрі инновацияларды жеделдету үшін өнеркәсіппен бірлесе жұмыс істеуге міндеттеме аламыз. Одақтастар арасындағы қорғаныс саудасының кедергілерін жою жұмыстарымызды жалғастырамыз және қорғаныс өнеркәсібіндегі тереңдік пен ынтымақтастықты барынша арттыру үшін НАТО серіктестіктерін пайдаланамыз».
Болашақты құру үшін неғұрлым күшті НАТО аясында неғұрлым күшті Еуропа және жаңғыртылған Альянс мақсат етілгені айтылған декларацияда еуропалық одақтастар мен Канаданың АҚШ-пен бірге Альянстың қорғанысы үшін үлкен жауапкершілікті өз мойнына алғанына назар аударылды.
Декларацияда НАТО-ның тежеуші күші мен қорғанысы ғарыш және кибер элементтермен нығайтылған тиісті ядролық, конвенционалдық және зымыранға қарсы қорғаныс мүмкіндіктерінің үйлесіміне негізделгені білдірілді.
Украинаға қолдау
Декларацияда Украинаның трансатлантикалық қауіпсіздікке үлес қосып отырғаны айтылып, одақтастардың Украинаның бостандығын, егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғауға бағытталған айнымас қолдауында бірге екені баса көрсетілді.
Еуропалық одақтастар мен Канаданың ендігі жерде Украинаға арналған қауіпсіздік көмегінің үлкен бөлігін екіжақты және көпжақты жолдармен қаржыландырып жатқаны еске салынған декларацияда: «Одақтастар бұл қолдаудың ұзақ мерзімді перспективада әділ, болжамды және тұрақты болуы керектігін баса айтады. Одақтастар 2026 жылға арналған Украинаға әскери техника, көмек және оқыту-жаттығу қолдауы аясында 70 миллиард еуро бөлуге міндеттенеді және 2027 жылы да қолдауды кем дегенде осы деңгейде сақтау жөніндегі өздерінің егеменді міндеттемелерін растайды», — делінді.
Декларацияда осы тұрғыда Еуропалық Одақтың Украинаны қолдау несиесі арқылы Украинаға көпжылдық қаржы бөлу туралы шешімінің ризашылықпен қарсы алынғаны атап өтілді.
Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігі
Альянстың неғұрлым кең қауіпсіздік ортасын қалыптастыратын стратегиялық бәсекелестікке, кең етек алған тұрақсыздыққа, гибридті қатерлерге және қайталанатын дағдарыстарға жауап беруді және бейімделуді жалғастырып жатқанына назар аударылған декларацияда: «Одақтастар Иранның ешқашан ядролық қаруға ие болмауы керектігін қайталайды және Иранды Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігін толықтай құрметтеуге шақырады», — деп айтылды.
Декларацияда: «Түркияның бізге көрсеткен жомарт қонақжайлығы үшін алғысымызды білдіреміз. Келесі жиналысымызда бас қосуды асыға күтеміз», — деген сөздер қолданылды.


















