Солтүстік Кипр Түрік Республикасының (СКТР) президенті Туфан Ерхүрман мен Оңтүстік Кипр грек әкімшілігінің басшысы Никос Христодулидис бүгін бейтарап аймақта кездесіп, Біріккен Ұлттар Ұйымы ұсынған өзара сенімді нығайту шараларын талқылайды.
СКТР президенті әкімшілігінің жазбаша мәлімдемесіне сәйкес, Ерхүрман кездесудің негізгі тақырыбы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің шілде айының соңында Кипрге жасаған сапары кезінде көтерген өзара сенімді нығайтуға бағытталған жеті шара болатынын айтты.
Ерхүрман аталған жеті шараның алтауын қабылдағандарын еске салып: «Біз бұл кездесуге нақты нәтижеге қол жеткізу мақсатымен қатысамыз», – деді.
БҰҰ Бас хатшысы Гутерриш Кипрге сапары барысында ұсынған өзара сенімді нығайту шаралары мыналарды қамтиды: «Солтүстік Кипр Түрік Республикасы мен Оңтүстік Кипр грек әкімшілігі арасында жаңа өткізу бекеттерін ашу, миналарды залалсыздандыру және бейтарап аймақты миналардан тазарту, табиғи апаттарға бірлесіп әрекет ету тетігін құру, заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша ортақ механизм қалыптастыру, азаматтық ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіретін консультативтік құрылым құру, екі тарап арасында бірлескен спорттық іс-шаралар өткізу және аралас некеден туған балаларға Еуропалық Одақ азаматтығын алу құқығын беру».


















