Улудаг автомобиль өнеркәсібі экспорттаушылар одағының деректеріне сәйкес, биылғы тоғыз айда экспорт көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайыз артып, 31 миллиард 144 миллион 829 мың долларға жетті.
Қаңтар-қыркүйек айларында автомобиль өнеркәсібі әлемнің 200-ге жуық еліне, сондай-ақ автономиялық және еркін экономикалық аймақтарға өнім экспорттады. Бұл саланың Түркияның жалпы экспортындағы үлесі ̶ 14,8 пайыз.
Бұл кезеңде автомобиль экспортының 73,7 пайызы Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі болды. ЕО елдеріне экспорт көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8 пайыз артып, 21 миллиард 891 миллион 279 мың доллардан 22 миллиард 948 миллион 277 мың долларға жетті.
Жылдың алғашқы тоғыз айында Еуропалық Одақтан тыс басқа Еуропа елдеріне 3 миллиард 590 миллион 285 мың доллар, Солтүстік Американың еркін сауда аймағына кіретін елдерге 1 миллиард 175 миллион 101 мың доллар, Африка елдеріне 1 миллиард 109 миллион 695 мың доллар көлемінде өнім экспортталды.
Сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне 940 миллион 755 мың доллар, ал Таяу Шығыс елдеріне 493 миллион 385 мың доллар көлемінде автомобиль өнеркәсібі өнімі жеткізілді.
Ең көп өнім экспортталған ел тағы да Германия болды
Түркия автомобиль өнеркәсібінің негізгі нарығы саналатын Германия биыл да ең көп өнім экспортталған ел ретінде бірінші орынға шықты.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Түркияның Германияға автомобиль экспорты 4 миллиард 943 миллион долларды құраса, биылғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 2,6 пайыз артып, 5 миллиард 70 миллион долларға жетті.
Екінші орында тұрған Францияға экспорт көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,1 пайыз артып, 3 миллиард 820 миллион долларды құрады. Ал 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл елге 3 миллиард 436 миллион доллар көлемінде өнім экспортталған болатын.
Еуропалық Одақтан шыққан Ұлыбритания 2 миллиард 928 миллион доллар көрсеткішпен үшінші орында.
Италияға автомобиль экспорты 18,5 пайыз артты. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында бұл елге 2 миллиард 356 миллион доллар көлемінде өнім экспортталса, биылғы сәйкес кезеңде бұл көрсеткіш 2 миллиард 790 миллион долларға жетті.
Ал Испанияға экспорт көлемі 4 пайыз төмендеп, 2 миллиард 456 миллион долларды құрады. Осылайша Испания ең көп өнім экспортталған елдер арасында бесінші орында.
Қаңтар-қыркүйек айларындағы көрсеткіш бойынша Словенияға экспорт 2 пайыз азайып, 1 миллиард 656 миллион долларды құрады. Бұл ел алтыншы орынға жайғасты.
Польшаға экспорт 4 пайыз артып, 1 миллиард 393 миллион долларға жетті. Осылайша Польша жетінші орында. Бельгия 1 пайыздық төмендеумен 1 миллиард 202 миллион доллар көрсеткішке жетіп, сегізінші орынға тұрақтады.
Ал АҚШ-қа экспорт 4,7 пайыз артып, 956 миллион долларды құрады. АҚШ тоғызыншы орында. Румынияға экспорт 16 пайыз төмендеп, 943 миллион долларды құрап, бұл ел алғашқы ондыққа кірді.

























