Фолькер Тюрк Ресей мен Украинаның өзара шабуылдарына қатысты жазбаша мәлімдеме жариялады.
Ол: «Жергілікті биліктің мәліметінше, бүгін Краматорск қаласында екі автобусқа жасалған шабуылдан кемінде 30 бейбіт тұрғын қаза тапты. Соңғы төрт күнде Украина аумағында бейбіт тұрғындардың өліміне әкелген шабуылдар мені қатты алаңдатып отыр», – деді.
Тюрк елдің түрлі аймақтарында адамдардың қаза тауып, жаралануына себеп болған шабуылдарды айыптады.
Оның айтуынша, 5 қазаннан бері Ресей шабуылдары салдарынан 85-тен астам бейбіт тұрғын қаза тауып, 346 адам жараланған.
Сондай-ақ қосалқы электр станциялары мен энергия өндіру нысандарына алыс қашықтықтан жасалған соққылар салдарынан Украинаның көптеген өңірі жарықсыз қалғанын атап өтті. Суық түсіп, күн қысқарған сайын электр энергиясына сұраныс артатынын ескерткен Тюрк Украинада қазірдің өзінде төтенше және кезекпен электр қуатын өшіру шаралары қолданылып жатқанын айтты.
Фолькер Тюрк халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес бейбіт тұрғындар ерекше қорғауда болатынын және оларды ешқашан нысанаға алуға болмайтынын баса айтты. Ол қақтығысқа қатысушы тараптар бейбіт халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін үнемі сақтық шараларын қабылдауға міндетті екенін атап өтті.
«Заң бұзушылықтар туралы мәліметтер тергеліп, кінәлі деп танылғандар жауапқа тартылуы тиіс. Бейбіт тұрғындарға қасақана жасалған шабуылдар соғыс қылмысы болып саналады», – деді ол.


















