АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО-ның Мемлекет және үкімет басшыларының 36-шы саммитіне қатысып, Түркиядан АҚШ-қа қайту жолында, «Air Force One» ұшағында журналистерге жасаған мәлімдемесінде АҚШ-тың Иранға қарсы соңғы әскери операцияларына, НАТО Анкара саммитіне және АҚШ-Түркия қарым-қатынастарына баға берді.
Трамп АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдарына қатысты: «Олар бізге соққы берген сайын біз 20 есе артық жауап қайтаратынымызды айттым және кеше түнде солай жасадық», — деді.
Иранның да кейбір қадам басқанын, бірақ бұлардың АҚШ шабуылдарына жауап сипатында болғанын білдірген Трамп: «Әскери тұрғыдан алғанда біз қазірдің өзінде жеңдік. Олардың қолында өте аз нәрсе қалды», — деген сөздерді қолданды.

Трамп: «Олар келісім жасасуды өте қатты қалайды. Жақында ғана қоңырау шалды. Келісімді сондай қатты қалап отыр. Тек бұған тұрарлық па, жоқ па, соны білмеймін. Жасалатын келісімге адал болатындарына сенімді емеспін. Мәселе де осында», — деді.
Иранның коммерциялық кемелерге жасаған шабуылдары туралы сұраққа Трамп: «Шыны керек, бұл сәл ақылға сыйымсыз. Біраз тұрақсыз әрекет етіп жатыр, бірақ соған қарамастан келісімді өте қатты қалайды», — деп жауап берді.
«Түркиямен өте жақсы сауда келісімдерін жасастық»
Дональд Трамп НАТО Анкара саммитінің өте нәтижелі өткенін мәлімдеп, Түркиямен қарым-қатынастарды да жоғары бағалады. «Өте жақсы екі күн өткіздік», — деген Трамп: «Түркиямен өте жақсы сауда келісімдерін жасастық. Олар өте жақсы серіктес болды», — деген сөздерді айтты.
Трамп президент Режеп Тайып Ердоған туралы «Айтпақшы, оның өзі керемет болды», — деді.
Трамп Сирия және Украина лидерлерімен өткізген кездесулеріне риза
АҚШ президенті саммит аясында кездескен Сирия президенті Ахмед Шара туралы да оң баға берді. Шараның өз елін біріктіру мәселесінде табысты болғанын білдірген Трамп: «Тамаша жұмыс атқарды. Сирияны біріктірді», — деп мәлімдеді.
Трамп сондай-ақ Украина президенті Владимир Зеленскиймен де «өте жақсы кездесу» өткізгенін айтты.
НАТО Анкара саммиті үшін бірлік пен ынтымақтастыққа баса назар аударылды
Саммитте еуропалық одақтастардың қорғаныс шығындары мәселесінде маңызды қадам басқанын білдірген Трамп: «Бүгін үлкен бірлік пен ынтымақтастық болды. НАТО шынымен деүлкен белесті бағындырды», — деген баға берді.
АҚШ-тың жылдар бойы альянс ішінде әділетсіз қаржылық жүктемені арқалап келгенін алға тартқан Трамп еуропалық елдердің қорғанысқа көбірек шығын шығару бағытында жеңілдіктер жасағанын айтты. Трамп: «Бүгінгі кездесу көптеген мәселені шешті. Адамдар АҚШ-қа ұзақ уақыт бойы әділетсіз мәміле жасалып келгенін түсінді», — деді.
АҚШ президенті сонымен қатар Иран мәселесінің «соғыс емес, Иранды ядролық қарудан тазарту мәселесі» екенін алға тартып: «Меніңше, бұған бәрі риза болуы керек», — деп қосты.



















