Дипломатиялық дереккөздерден алынған мәліметке қарағанда, Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Сыртқы істер министрлігінің Стратегиялық зерттеулер орталығы (SAM) мен «Chatham House» ұйымы тарапынан Анкарада ұйымдастырылған «Анкара саммитінен кейінгі Еуропа қауіпсіздігі: Еуропа бойынша НАТО одақтастары арасындағы ынтымақтастықты нығайту» атты іс-шарада сөз сөйледі.
НАТО-ның жаңа кезеңде стратегиялық әлеуетті арттыруға назар аударуы керектігіне тоқталған Фидан НАТО тек ағымдағы қатерлерге жауап қайтаратын құрылым болудан шығып, ұзақ мерзімді әрі тұтас қауіпсіздік концепциясын дамытуы тиіс екенін атап өтті.
Фидан АҚШ пен Еуропа арасында кейбір шиеленістер болғанына қарамастан, бұл түсініспеушіліктердің НАТО саммитінде бақылаусыз дағдарысқа ұласпайтынын және оларды реттеуге болатынын, сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамптың НАТО саммитіне қатысуы мәселелерді шешу тұрғысынан үлкен маңызға ие екенін жеткізді.
Еуропа қауіпсіздігіндегі Түркияның басты рөлі
Еуропа қауіпсіздігін тек ЕО-мен шектеп қоюға болмайтынын және бұған анағұрлым ауқымды тұрғыдан қарау қажеттігін баса айтқан министр бұл шеңберде Түркияның басты рөлін ерекше атап өтті.
Фидан Түркияның Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдайтынын білдіре отырып, Анкараның Ресеймен дипломатиялық байланыс пен диалог арналарын ашық ұстауы да Еуропа қауіпсіздігі үшін қажет екенін мәлімдеді.
НАТО-ның қорғаныс өнеркәсібі әлеуетін тек ЕО орталықты деп ойламау керектігін атап көрсеткен Фидан Түркия мен Ұлыбритания сияқты қуатты қорғаныс өнеркәсібі бар елдердің де Еуропа қауіпсіздігі аясындағы қорғаныс ынтымақтастығының табиғи әрі қажетті актерлері ретінде қарастырылатынын айтты.





















