Министр Фидан НАТО-ның Анкара саммиті қарсаңында «New York Times» газетіне сұхбат берді. Министр Фидан Түркияда өтетін НАТО Анкара саммиті аясында президент Ердоған мен АҚШ президенті Трамп арасындағы тығыз қарым-қатынасты тиімді пайдалана отырып, Альянс ішіндегі пікір қайшылықтарын шешуге күш салатындарын жеткізді.
Ердоған мен Трамп арасындағы байланыстар НАТО ішіндегі шиеленісті жеңілдетуге септігін тигізетініне назар аударған Фидан бұл мәселенің Трамп үшін сенім мен достық тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
Министр Фидан Түркия мен басқа еуропалық елдер арасында Альянстың маңыздылығына қатысты ортақ мәміле бар екенін баса айтып, «Ешкім НАТО-ның қажеттілігіне күмән келтірмейді», — деген мәлімдеме жасады.
Еуропалық Одақ ішіндегі қорғаныс ынтымақтастығының артуы еуропалық елдердің НАТО алдындағы міндеттемелерімен сәйкес келмейтінін білдірген Фидан Түркия мен Еуропа бір-бірін ұжымдық қауіпсіздік тұрғысынан өмірлік маңызы бар серіктес ретінде көруі керектігін жеткізді.
Фидан: «Біз де Еуропаның бір бөлшегіміз және Еуропа географиясында бас қосып, қауіпсіздік платформамызды құрмайынша, өзімізді ешқашан толықтай қауіпсіз сезіне алмаймыз», — деді.

Министр Фидан АҚШ пен Иран арасында қол қойылған өзара түсіністік меморандумына қатысты «Саяси ерік-жігер тұрғысынан екі тарап та түпкілікті мақсаттарға жетуде өте байсалды ниет танытып отыр», — деген пікірін білдірді.
Түркияның Ресей-Украина соғысын тоқтатуға бағытталған жаңа келіссөздерге делдалдық етуге дайын екенін баса айтқан Фидан алайда бұның жақын арада жүзеге асуын күтпейтіндерін білдірді. Фидан Ресей мен Украинаның келіссөздер мен диалогқа түсуге дайын екенін, бірақ бұл үдеріске АҚШ-тың ықпалы қажет екенін ерекше атап өтті.



















