Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған 7-8 шілдеде Анкарада өтетін саммит аясында Президенттік кешенде 32 мемлекет және үкімет басшысымен бас қосады.
Президент Ердоған АҚШ президенті Дональд Трамп, Франция президенті Эммануэль Макрон, Финляндия президенті Александр Стубб, Словакия президенті Питер Пеллегрини, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Германия канцлері Фридрих Мерц, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, Канада премьер-министрі Марк Карни, Албания премьер-министрі Эди Рама, Болгария президенті Румен Радев, Черногория премьер-министрі Милойко Спаич, сондай-ақ НАТО Бас хатшысы Марк Рютте және Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштамен келіссөздер жүргізеді.
Ердоғанның 7 шілдеде АҚШ президенті Трамппен оңаша кездесу өткізіп, бірлескен баспасөз мәслихатын ұйымдастыруы жоспарланды.
Президент Ердоған мен жұбайы Емине Ердоған 7 шілде күні кешке Президенттік кешенде мемлекет және үкімет басшылары мен олардың жұбайларының құрметіне ресми қабылдау өткізеді.
Көшбасшылар Бештепе бөлек-бөлек баспасөз мәслихатын өткізеді
Президент Ердоған 8 шілдеде көшбасшыларды саммит алаңына келген сәтте қарсы алады және бірлескен фотосуретке түсу рәсімі өтеді. НАТО Бас хатшысы Марк Рюттенің алғы сөзінен кейін жиында президент Ердоған мен өзге де көшбасшылар сөз сөйлейді.
Жиыннан соң президент Ердоған, АҚШ президенті Трамп және бірқатар көшбасшылар Бештепе Ұлттық көрме залында бөлек-бөлек баспасөз мәслихатын ұйымдастырады.
Қорғаныс инвестицияларын арттыру шешімі аясында басылған қадамдар мен Альянстың тежеу және қорғаныс саласындағы күш-жігері 360 градустық ауқымда бағаланатын бұл саммитте көшбасшылар Еуроатлантикалық аймаққа төнген қатерлер, тәуекелдер мен сын-қатерлер төңірегінде стратегиялық деңгейде пікір алмасады.
Украинадағы жағдай мен Альянстың оңтүстік қанатында соңғы уақытта болған оқиғалар талқыланатын саммитке НАТО-ға мүше 32 мемлекет пен үкімет басшысынан бөлек, 100-ге жуық министр, көптеген жоғары лауазымды дипломат, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен шақырылған қонақтар қатысады.






















