САЯСАТ
2 ... минут оқылды
АҚШ Иранға сайлауға дейін соққы беруі мүмкін
Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, Ақ Үй Пентагоннан 3 қарашада өтетін АҚШ-тағы аралық сайлауға дейін Иранға қарсы жүзеге асырылуы мүмкін әскери соққы нұсқаларын әзірлеуді сұраған.
АҚШ Иранға сайлауға дейін соққы беруі мүмкін
Ақ Үй аралық сайлау қарсаңында Пентагонға Иранға соққы беру жоспарын әзірлеуді тапсырғаны хабарланды. / AP

Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, Ақ Үй Пентагоннан 3 қарашада өтетін АҚШ-тағы аралық сайлауға дейін Иранға қарсы жүзеге асырылуы мүмкін әскери соққы нұсқаларын әзірлеуді сұраған.

Бұл хабарларға қатысты пікір білдірген Пентагон өкілі: «Министрліктің міндеті – президентке әскери іс-қимыл нұсқаларын әзірлеп, ұсыну», – деді. Алайда ол аталған жоспарға қатысты нақты мәлімет бермеді.

“The Atlantic” басылымының хабарлауынша, ықтимал соққылардың ауқымы, нысаналар тізімі және түпкілікті мақұлдау мәселелері бойынша ведомство ішіндегі талқылаулар жалғасып жатыр. Президенттің кейбір кеңесшілері ел ішіндегі жанармай бағасының күрт өсуіне жол бермеу үшін әскери соққыларды аралық сайлаудан кейін жасаған тиімдірек болатынын алға тартқан.

Ақ Үй өкілі Дональд Трамптың «кез келген сәтте барлық нұсқаны қарастыруға дайын» екенін атап өтіп, былай деді: «АҚШ-тың ұстанымы өте мықты... Барлық мүмкіндік президент Трамптың қолында және ол Америка Құрама Штаттары үшін ең дұрыс шешімді қабылдайды».

CENTCOM дайындығы

“Axios” басылымы сәрсенбі күні Пентагонның бірнеше күн бұрын АҚШ Орталық қолбасшылығына (CENTCOM) Иранға қарсы энергетика, инфрақұрылым және ядролық нысандарды қамтитын ауқымды әскери операцияларды қайта бастауға дайындықты аяқтауды тапсырғанын хабарлады.

Нұсқауда операцияның нақты басталу күні көрсетілмегенімен, АҚШ пен Израиль дереккөздері әскери іс-қимылдар 27 қазанда өтетін Израиль парламенті сайлауымен тұспа-тұс келуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Бұл жоспарлау жұмыстары жұма күні Трамптың ұлттық қауіпсіздік тобы Кэмп-Дэвидте өткізген ұзақ кеңестен кейін басталған.

Сәрсенбі күні Трамп Нетаньяхумен тікелей сөйлесті. Бұл Нетаньяхудың қауіпсіздік кабинетімен жағдайды талқылауынан кейін екі басшының соңғы күндердегі екінші әңгімесі болды.

Әскери соққылар қайта басталған жағдайда АҚШ пен Израиль күштері бірлесіп әрекет етеді.

28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғыс бастауынан кейін тікелей қақтығыстар өршіп, аймақтан жауап ретінде зымыран соққылары жасалды және Ормуз бұғазы арқылы қатынаста іркілістер болды.

Пәкістан мен Катардың арағайындығымен қол жеткізілген өзара түсіністік туралы меморандум маусым айында қақтығыстарды уақытша тоқтатуға мүмкіндік бергенімен, ядролық талаптар, санкциялар және теңіз қатынасы мәселелері бойынша дипломатиялық келіссөздер тығырыққа тіреліп отыр.