ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2 ... минут оқылды
Хоуситтер Сауд Арабиясының әуежайлары мен әскери базаларына шабуыл жасағанын мәлімдеді
Йемендегі хоуситтер Сауд Арабиясының әуежайлары мен әскери нысандарына шабуыл жасағандарын мәлімдеді. Ал Сауд Арабиясы бастаған коалиция Эр-Риядқа қарай ұшырылған баллистикалық зымыранның әуеде жойылғанын хабарлады.
Хоуситтер Сауд Арабиясының әуежайлары мен әскери базаларына шабуыл жасағанын мәлімдеді
Хоуситтер Сауд Арабиясының әуежайлары мен әскери базаларына шабуыл жасағанын мәлімдеді / Reuters

Йемендегі хоуситтер сәрсенбі күні таңертең Сауд Арабиясындағы әуежайлар мен әскери нысандарға бірнеше ұшқышсыз ұшу аппараты және баллистикалық зымыранмен шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Хоуситтердің әскери өкілі Яхья Сари «X» платформасында жасаған мәлімдемесінде Эр-Риядтағы Король Халид халықаралық әуежайын бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратымен нысанаға алғанын айтты. Оның сөзінше, шабуыл нысанаға дәл тиіп, әуежайдағы әуе қозғалысына кедергі келтірген.

Сари сондай-ақ хоуситтер баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып, Абха халықаралық әуежайы мен Хамис-Мушайт әуе базасына қарсы екі операция жүргізгенін мәлімдеді. Шабуыл салдарынан әуежайдағы әуе қозғалысы тоқтап, әскери базаға зақым келгенін алға тартты.

Сари тағы бір мәлімдемесінде хоуситтердің Жизандағы Дагарир, Асирдегі Аакифа және Жизандағы Әл-Маусим атты үш әскери нысанды бірнеше баллистикалық зымыран және ұшқышсыз ұшу аппаратымен нысанаға алғанын хабарлады.

Ал Сауд Арабиясы бастаған коалиция сәрсенбі күні хоуситтер Эр-Рияд аймағына қарай ұшырған баллистикалық зымыранның әуеде жойылғанын мәлімдеді.

Коалиция өкілі Турки әл-Малики «X» платформасындағы мәлімдемесінде зымыранның Эр-Риядтың солтүстігінде әуеде жойылғанын айтты.

Әл-Малики коалиция күштері барлау жүйелері арқылы зымыран ұшырылған платформаны Йемен астанасы Сана аумағында анықтап, бақылауға алғанын мәлімдеді.

«Зымыран ұшыру платформасын коалицияның барлау жүйесі арқылы Сана аумағында бақылап отырмыз және оны жоямыз», — деді әл-Малики.

Хоуситтер шілде айында Эр-Риядқа қарсы теңіз блокадасын жариялағаннан кейін Йемендегі азаматтық соғыс қайта ушыққан еді. Содан бері хоуситтер мен Йемен үкіметінің күштері арасында қақтығыстар жалғасып келеді.

Йеменде хоуситтер 2014 жылы ел астанасы Сана мен бірқатар аймақты бақылауға алғаннан бері қақтығыстар тоқтаған жоқ.

Осы жағдайдан кейін Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы халықаралық деңгейде танылған Йемен үкіметін қолдау мақсатында 2015 жылы әскери операция бастаған болатын.

 

Іздеу
Геноцидтің ең ауыр зардабын тартқан Газа балалары
Непалдағы су тасқыны: 5 мыңнан астам адам әлі табылған жоқ
Жасанды интеллект адамдарға ақы төлейтін болады
Түркия көршілес елдерге 20,9 миллиард доллар көлемінде тауар экспорттады
Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясы хоуситтерге қарсы бірлескен әрекетке көшті
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Рубио Еуропадағы үш елге сапарын бастады
Иран президенті АҚШ-пен келіссөзге қатысты пікір білдірді
«Мекке қорғаныс одағы Таяу Шығыстың НАТО-сына айналуы мүмкін»
АҚШ Ресейдегі обаға қатысты жағдайды бақылап отыр
Гутерриш  Газада  атысты тоқтатуға шақырды
Мәскеуге жасалған дрон шабуылынан бір адам қаза тапты
Болгарияда бірқатар мекемеге бомба қойылғаны туралы хабарламалар түсті
Түркия «Артемида» бағдарламасы аясында Ай базасын салуға көмектесе алады
Президент Ердоған "AileFest-ке" қатысты
Үш ғалым медицина саласындағы Нобель сыйлығын иеленді