Ирак Орталық банкі сәрсенбі күні жаңа бағамның «тиісті қаржылық, экономикалық және ақша-несие қажеттіліктерін» қамтамасыз ету мақсатында бір күн бұрын өткен отырыста Министрлер кеңесі тарапынан мақұлданғанын хабарлады.
Бұған дейінгі ресми бағам 2023 жылы белгіленген еді. Алайда валюта айырбастау орындарындағы нарықтық бағам ресми көрсеткіштен үнемі алшақ болып, соңғы айларда бұл айырмашылық одан әрі ұлғайды.
Бұған АҚШ пен Иран арасындағы соғыстың ара-тұра Ирак аумағына да таралуы, сондай-ақ Ормуз бұғазындағы жүк тасымалының іркілуі ішінара себеп болды.
Экономикасы негізінен мұнай экспортына тәуелді Ирак соғысқа дейін мұнайының басым бөлігін Ормуз бұғазы арқылы тасымалдайтын. Қақтығыстар басталғаннан кейін ел экспортқа арналған мұнайды Сирия арқылы құрлық жолымен тасымалдауға көшті. Алайда бұл бағыт қымбатырақ әрі тиімділігі төмен.
Девальвация туралы шешім жарияланғанға дейін бейресми нарықта бір АҚШ долларының бағасы 1600 динардан асып кеткен еді. Шешім жарияланғаннан кейін доллар одан әрі қымбаттап, 1700 динардан асты.
Жаңа тәртіп бойынша Қаржы министрлігі АҚШ долларын 1500 динар бағамымен сатады. Ал банктер арқылы доллар сатып алатындар бір АҚШ доллары үшін 1520 динар төлейді.
























