Сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кипр Түрік Республикасының (СКТР) Гирне портынан Мерсиндегі Ташуджу портына қарай жолға шыққан жолаушылар кемесінің аударылуы салдарынан адам шығынының болуына байланысты терең қайғырғандарын хабарлады.
Министрлік жолаушылар кемесінің Гирне жағалауында аударылғанына байланысты жазбаша мәлімдеме жариялады.
Мәлімдемеде: «Бүгін СКТР-дың Гирне портынан Мерсин Ташуджуға қарай жолға шыққан жолаушылар кемесі аударылып, апатта адам өлімінің болуына байланысты терең қайғырамыз. Апаттан қаза тапқандардың жаны жәннатта болуын тілеп, олардың жақындарына, халқымызға және СКТР жұртшылығына көңіл айтамыз», — делінген.
СКТР билігі тарапынан жүргізіліп жатқан қарқынды іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркия тарапынан толық қолдау көрсетіліп жатқаны атап өтілген мәлімдемеде Түркиядан екі тікұшақ, екі катер және бір сүңгуірлер тобы мен Әскери-теңіз күштері қолбасшылығының екі кемесі іздестіру-құтқару шараларына жұмылдырылғаны жеткізілді.
Мәлімдемеде адам шығынының артуына жол бермеу және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды табу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың СКТР билігімен тығыз үйлесімде әрі ынтымақтастықта жалғасып жатқаны атап өтілді.
Гирне жағалауында аударылған кеме
СКТР-дағы Гирне порты мен Мерсиндегі Ташуджу порты арасында қатынайтын «Filo Jet» деп аталатын жоғары жылдамдықты жолаушылар катамараны (теңіз автобусы) түс ауа Гирнеден жолға шыққаннан кейін көп ұзамай алдыңғы бөлігінен су ала бастаған.
Кеме Гирне портына қайта оралуға тырысқан сәтте аударылып кеткен. Бортында 259 жолаушы мен 8 экипаж мүшесін қосқанда 267 адам болған кемеден 241 адам құтқарылып, 8 адам қаза тапты.
18 адамды іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда.






















