Президент Режеп Тайып Ердоған дипломатиялық қатынастардың 100 жылдығы қарсаңында Түркия мен АҚШ арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың барлық салада дамып келе жатқанын айтты.
Ердоған Түрік үйінде өткен Түркия–АҚШ Іскерлік кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде кездесуді ұйымдастырғаны үшін АҚШ Сауда палатасына, іскерлік кеңестерге және Сыртқы экономикалық байланыстар кеңесіне алғыс білдірді.
«АҚШ-пен стратегиялық ынтымақтастығымыз барлық салада дамып келеді. Саяси қарым-қатынастарымызда қалыптасқан үйлесімді экономикалық және сауда байланыстарымызға да енгізгіміз келеді», – деген Ердоған сөзін былай жалғастырды: «Бүгінде АҚШ сұйытылған табиғи газ жеткізушілеріміздің арасында бірінші орында. Осылайша Еуропада америкалық энергия ресурстарына басымдық беретін елдердің қатарында алдыңғы орындардың бірін иеленіп отырмыз. Бұл ынтымақтастықты атом энергетикасын қоса алғанда, энергетиканың барлық саласына кеңейтуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар АҚШ-пен экономикалық қарым-қатынасымызды тек сауда көрсеткіштерімен бағалау дұрыс емес. Әлемдік экономикалық тәртіп қайта қалыптасып жатқан кезеңде Түркиямен стратегиялық экономикалық ынтымақтастықтың жаңа моделін құру қажет деп санаймын».
Энергия тасымалдау бағыттары өзгеріп жатыр
Президент Ердоған қақтығыстар аяқталғаннан кейін өңірде бес ірі өзгеріс үдерісі жеделдейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, біріншісі – жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы. Енді компаниялар тек ең арзан орынды емес, ең сенімді ортаны таңдауға ұмтылып отыр.
«Түркия Еуропалық одақпен Кеден одағына кіретін, кең ауқымды еркін сауда желісіне қосылған және қуатты өнеркәсіптік инфрақұрылымы бар осындай талаптарға сай келетін елдердің бірі болып отыр», – деді Ердоған.
Президент сөзін былай жалғастырды: «Екіншіден, энергия тасымалдау бағыттары қайта қалыптасып жатыр. Баку–Тбилиси–Жейхан құбырынан «TANAP»-қа дейін Түркия энергия тасымалын үздіксіз қамтамасыз ететін ең сенімді дәліз болып саналады. Үшіншіден, сауда дәліздері өзгеріп жатыр. Азияны Еуропамен байланыстыратын Орта дәліз бен Парсы шығанағын Еуропамен жалғайтын «Даму жолы» Түркияда тоғысады. Төртіншіден, қайта қалпына келтіру кезеңі басталады. Өңірімізде жолдар, порттар, электр станциялары, тұрғын үйлер мен зауыттар қайта салынады. Түрік мердігерлері күрделі аймақтарда жұмыс істеу тәжірибесінің арқасында бұл үдеріске дайын. Бесіншісі – қорғаныс және озық технологиялар. НАТО стандарттарына сай өнім шығаратын қорғаныс өнеркәсібіміз одақтастарымыздың жеткізу қауіпсіздігіне үлес қоса алатын деңгейге жетті. Еліміздің осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы үшін сәуір айында әлемдегі бәсекеге қабілетті инвестициялық қолдау пакеттерінің бірін іске қостық. Вашингтон мен Нью-Йорктегі инвестиция және қаржы кеңселерімізді қоса алғанда, шетелдегі өкілдіктеріміз сіздерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын».
Ердоған Түркия–АҚШ қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан үлестері үшін кәсіпкерлерге алғыс білдірді.





















