Президент Режеп Тайып Ердоған сәрсенбі күні құрбан айт мерекесіне орай құттықтау жариялады.
Ердоған құттықтауында құрбан айтты «рухани нығмет» деп атап, мейрамның Түркияға, түрік халқына, ислам әлеміне және бүкіл адамзатқа жақсылық әкелуін тіледі.
Ол: «Газамен қатар әлемнің түрлі өңірлерінде бұл мейрамды қайғымен қарсы алып отырған бауырларыма қолдау білдіріп, түрік халқының атынан ізгі тілектерімді жолдаймын әрі Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын», – деді.

Сәрсенбі күні Түркияда миллиондаған адам құрбан айттың алғашқы күнінде айт намазын оқыды.
Ердоған Стамбулдағы Чамлыджа мешітінде айт намазын оқығаннан кейін журналистерге берген сұхбатында діни мерекелердің қоғамдағы байланыс пен өзара көмекті нығайтатынын айтты.
«Бәрінен бұрын діни мерекелер – сүйіспеншілік, құрмет, бірлік, ынтымақ пен қолдау күні», – деген Ердоған Газадағы жағдай Түркия мен әлем мұсылмандарының мерекелік қуанышына көлеңке түсіріп отырғанын жеткізді.
Беньямин Нетаньяхуға реакция білдірген Ердоған оны «залым» деп атап, әлем мұсылмандарының Израильдің Газадағы әрекеттеріне қарсы бірігетініне үміт білдірді.
Ердоған: «Нетаньяху деген залымның әлем мұсылмандарынан лайықты жауап алатынына сенемін», – деді.
Түркия ̶ Израильдің Газадағы шабуылдарын ең қатты сынаған елдердің бірі. Ердоған бірнеше рет атысты шұғыл тоқтатуға, гуманитарлық көмекті арттыруға және Израильге халықаралық қысымды күшейтуге шақырған болатын.
Құрбан айт Ибраһим пайғамбардың Алланың әміріне мойынсұнып, ұлын құрбан етуге келіскенін және соңғы сәтте оның орнына қошқар шалынғанын еске салатын мейрам.
Мұсылмандар осы оқиғаның құрметіне құрбан шалып, етін мұқтаж жандар мен жақындарына таратады.

















