Қауіпсіздік көздерінен алынған мәліметке қарағанда, Ұлттық барлау ұйымы ел шекара тысында ДАИШ-ке қарсы сәтті операция жүргізді. Барлау қызметінің Сирияда Сирия барлау қызметімен бірлесе атқарған іс-қимылдары нәтижесінде Қызыл бюллетеньмен іздеуде жүрген ДАИШ-тің 10 содыры ұсталып, Түркияға жеткізілді.
Ұсталғандардың бірі Анкара вокзалындағы шабуылмен байланысты
Барлау қызметінің барлау жұмыстарының нәтижесінде Түркиядан Сирияға өтіп, ДАИШ лаңкестік ұйымына қосылған түрік текті азаматтар айқындалды. Жүргізілген барлау амалдары бұл тұлғалардың ДАИШ құрамында қызмет еткенін ашып көрсетті. Сондай-ақ аталған адамдардың Түркияда ұйымдастырылған көптеген лаңкестік әрекетке қатысы бар екені белгілі болды.
Қолға түскен ДАИШ-тің 10 лаңкесінің бірі 109 адам қаза тапқан Анкара вокзалындағы жарылысты жасаушылармен байланыста болғаны анықталды.
Сирияда шекара асқан операция
Ұлттық Барлау қызметі ДАИШ мүшесі 10 адамның Сирияда екенін анықтаған бойда Сирия барлау қызметімен байланысқа шықты. Орнатылған үйлесімділік нәтижесінде жедел жұмыстар басталды. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде күдіктілердің жасырынған жерлері табылды. Лаңкестердің әрбір басқан қадамы жіті қадағаланды.
Ұйымдастырылған операция арқылы ДАИШ-тің 10 лаңкесі Сирияда ұсталып, Түркияға әкелінді. Барлау қызметі және Қауіпсіздік бас басқармасы Терроризммен күрес департаментінің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде ДАИШ-тің 9 мүшесі жауап алынғаннан кейін сот шешімімен тұтқындалды, ал біреуінің уақытша ұстау мерзімі созылды.
ДАИШ-тің 10 лаңкесі полицияда берген жауаптарында:
ДАИШ тарапынан берілген лаңкестік тапсырмалар,
ДАИШ құрамында алған қарулы және діни дайындықтары,
ДАИШ атынан жүргізген үгіт-насихат әрекеттері туралы мәліметтерді жайып салды.
ДАИШ құрамында әрекет еткен, Қызыл бюллетеньмен іздеуде болған 10 тұлға мыналар:
Али Бора – ДАИШ-тің Түркияға жауапты барлау істері жөніндегі жалған әмірі: 2014 жылы ДАИШ-ке қосылу мақсатында Сирияға өтті. Ұйым ішінде әртүрлі бөлімшелерде міндет атқарды. Көптеген қақтығысқа қатысты. «Фарук кеңсесі» (Түркия уәлаяты) құрамында қызмет етті. Жалған Түркия уәлаятының содырлары тарапынан Түрік Қарулы Күштеріне қарсы ұйымдастырылған 3 бөлек шабуылдың жоспарлаушылары арасында болды.
Өмер Дениз Дүндар – 2015 жылы 109 адамның өлімімен және жүздеген адамның жаралануымен аяқталған Анкара вокзалындағы шабуылды ұйымдастырған ДАИШ лаңкестерімен байланыста болған тұлға: 2014 жылы ДАИШ-ке қосылу үшін Сирия тарапына өтті. Ұйым ішінде әртүрлі құрылымда жұмыс істеді. Көптеген қақтығысқа қатысты. ДАИШ-тің «Фарук кеңсесі» (Түркия уәлаяты) құрамында міндет атқарды. Ұйымның 2015 жылғы Анкара вокзалындағы шабуылын жасаушылармен байланысы бар екені дәлелденді. Сонымен қатар террорлық ұйымның Түркияға бағыттап жасаған көптеген шабуылымен де қатысы бары анықталды. 2017 жылы Түркияда болуы мүмкін лаңкестік әрекеттердің алдын алу мақсатында өткізілген операциялар кезінде қолға түскен, жарылғыш белбеуі бар 2 шабуылшының бомба құрылғыларынан табылған саусақ іздерін тексеру барысында Өмер Дениз Дүндардың да саусақ ізі анықталған болатын.
Хүсейин Пери: 2014 жылы ДАИШ-ке қосылу үшін Сирияға өтті. Ұйым ішіндегі медициналық бөлімшеде қызмет атқарды. 2015 жылы PYD/YPG содырлары тарапынан тұтқындалып, түрмеде отырды. PYD/YPG мен ДАИШ арасында өткізілген тұтқын алмасу шарасында босатылды. Босап шыққаннан кейін 2019 жылға дейін ДАИШ-тің медициналық құрылымында әрекетін жалғастырды.
Кадир Гөзүкара: ДАИШ-ке қарасты әрекет ететін «ДОКУМАДЖЫ» (DOKUMACI) тобының жетекшісі Мұстафа Докумаджының бағыттауымен 2015 жылы ДАИШ-ке қосылу мақсатында Сирияға өтті. Мүгедектігіне байланысты ұйым ішінде қарулы қақтығыстарға қатысқан жоқ, бірақ Сирияға келген ДАИШ мүшелерінің логистикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен айналысты. М. Докумаджының нұсқауымен 2021 жылға дейін медиа саласындағы жұмыстарды жүргізді.
Абдуллах Чобаноғлу: Қақтығыс аймақтарында қызмет ету үшін 2016 жылы Сирияға өтті. Сирия аумағында сәләфилік/тәкфирлік көзқарасты ұстанатын топтардың құрамында қарулы әрекеттерге қатысты. Өзі ішінде болған көлікке жасалған қолдан жасалған жарылғыш шабуылында бір аяғынан айырылды. 2020 жылы ДАИШ-ке серт беріп, «Фарук кеңсесіне» қарасты медиа бөлімінде міндет атқарды.
Хаккы Йүксек: ДАИШ-ке қосылу үшін 2016 жылы Сирияға өтті. Ұйым ішінде қарулы іс-қимылдар мен қақтығыстарға қатысты. ДАИШ бақылау аумағынан айырылғаннан кейін ұйымның астыртын ұяшықтар құрылымында әрекетін жалғастырды. Бір кезең «Фарук кеңсесі» (Түркия уәлаяты) құрамында болды. «ДОКУМАДЖЫ» тобының жетекшісі Мұстафа Докумаджының көмекшісі болып, тіпті оның жеке істерін де жүргізді.
Кадир Демир: Қақтығыс аймақтарында белсенді болу үшін 2016 жылы Шанлыурфадан Сирияға өтті. Идлиб және оған іргелес аймақтарда сәләфилік/тәкфирлік топтармен бірге әрекет етті. 2017 жылы ДАИШ-ке серт беріп, «Фарук кеңсесі» (Түркия уәлаяты) ішінде әкімшілік жауапты ретінде қызмет атқарды. «Фарук кеңсесі» тарапынан ұйымдастырылған лаңкестік шаралармен байланысы бар екені анықталды.
Чекдар Йылмаз: ДАИШ-ке қосылу мақсатында 2017 жылы Сирияға өтті. Ұйым ішінде алған әскери дайындықтарынан кейін қарулы сарбаз ретінде Идлиб аймағында әрекет етті. 2018 жылы ДАИШ-тің «Фарук катибасына» қосылып, медиа бөлімінде жұмысын жалғастырды.
Мурат Өздемир: ДАИШ-ке қосылу мақсатында 2017 жылы Сирияға өтті. Идлиб аймағында ДАИШ құрамында қарулы әрекеттерге қатысты. Ұйым бақылау аумағынан айырылған соң «Фарук кеңсесі» (Түркия уәлаяты) ішінде қызметін жалғастырды. Сондай-ақ Асад режиміне қарсы ДАИШ сапында соғысты.
Исхак Гүнжи: ДАИШ-ке қосылу үшін 2017 жылы Сирияға өтті. Ұйым ішінде қарулы сарбаз ретінде қақтығыстарға қатысты. «Фарук кеңсесі» құрамында міндет атқарды. Асад режиміне қарсы минометтен оқ ату шараларына қатысты. ДАИШ ішіндегі әрекеттерін қолға түскенге дейін үзіліссіз жүргізді.


















