Жергілікті және медициналық дереккөздердің мәліметінше, Израиль армиясы атысты тоқтату режиміне қарамастан Газа секторының түрлі аймақтарындағы бейбіт тұрғындар мен паналау орындарына шабуылдарын жалғастырды.
Дейр әл-Балах қаласында қоныс аударғандар паналаған Хавла мектебіне артиллериялық соққы жасалып, бір бала қаза тапты, көптеген адам жараланды.
Ақса шейіттері ауруханасындағы дереккөздер Салахеддин көшесіндегі мектептің бір сыныбына артиллериялық снаряд түсіп, ұйықтап жатқан балалар мен бейбіт тұрғындар зардап шеккенін хабарлады.
Газа қаласының батысындағы Байланыс қиылысы маңында бейбіт тұрғындар жиналған жерге Израильдің ұшқышсыз ұшу аппаратымен жасалған шабуылдан бір палестиналық қаза тауып, тағы бір адам ауыр жараланды.
Қала орталығындағы Палестина стадионы маңында Израиль әскерилерінің оғынан ауыр жараланған жас жігіт ауруханада көз жұмды.
Таңертең Газа қаласының батысындағы Ән-Наср ауданында автокөлікке ұшқышсыз ұшу аппаратымен соққы беріліп, сол маңнан өтіп бара жатқан Юсуф Аккиле мен оның қызы Вефа қаза тапты.
Сондай-ақ Газаның батысындағы Шати босқындар лагеріне жасалған тағы бір дрон шабуылынан төрт палестиналық орташа және ауыр жарақат алды.
Газа секторындағы Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәлімдемесіне сәйкес, Израильдің атысты тоқтату режимін бұзуы салдарынан қаза тапқандар саны 1 344-ке, жараланғандар саны 4 481-ге жетті.





















