Түрік әуе жолдары «Boeing» компаниясымен 150 данаға дейін «Boeing 737 MAX» ұшағын сатып алу жөніндегі келісімді аяқтады. Бұл ̶ компания тарихындағы бір дәлізді ұшақтарға берілген ең ірі тапсырыс.
Келіссөздерден кейін қол жеткізілген бұл келісім әуе компаниясының қысқа және орта қашықтықтағы бағыттар желісін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді даму стратегиясының бір бөлігі саналады.
Келісім Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның қатысуымен рәсімделді.
Келісім аясында Түрік әуе жолдары 100 дана «Boeing 737-8» ұшағына тапсырыс берді. Сонымен қатар тағы 50 дана «Boeing 737 MAX» ұшағын сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Келісім әуе компаниясына қажет болған жағдайда сыйымдылығы жоғары «Boeing 737-10» ұшақтарын таңдауға мүмкіндік береді. Бұл Түрік әуе жолдарына әуе паркіндегі ұшақтардың сыйымдылығын жолаушылар сұранысына қарай реттеуге жол ашады.
Жаңа ұшақтар әсіресе жолаушылар сұранысы жоғары ішкі және халықаралық бағыттарда Түрік әуе жолдарының қысқа және орта қашықтықтағы тасымал мүмкіндігін арттырмақ.
Түрік әуе жолдарының мәліметінше, «Boeing 737-8» ұшағы бұрынғы ұшақтармен салыстырғанда отын шығыны мен зиянды шығарындыларды 20 пайыз азайтады. Сонымен қатар оның ұшу қашықтығы мен жүк тасымалдау мүмкіндігі жоғары.
Қазіргі таңдаТүрік әуе жолдары мен оның еншілес компаниясы «Ajet» «Boeing 737 MAX», «737 New Generation», «787 Dreamliner» және «777 Freighter» ұшақтарымен қатар 200-ден астам «Boeing» ұшағын пайдаланып отыр.





















