Сирия президенті Ахмед Әл-Шара Ұлттық қауіпсіздік бюросы мен Жалпы барлау қызметінің басшыларын тағайындады.
Сирияның “SANA” мемлекеттік ақпарат агенттігінің жексенбі күні хабарлауынша, президент Әл-Шара Ішкі істер министрі Әнес Хаттабты министр қызметінде қалдырып, оған қоса Ұлттық қауіпсіздік бюросының басшысы қызметін де жүктеді.
Сондай-ақ президент Абдулқадыр Таханды Жалпы барлау қызметінің басшысы етіп тағайындады.
Кадрлық тағайындаулар аясында Хусейн әс-Салама Ұлттық қауіпсіздік бюросы басшысының орынбасары, ал Мулхам әш-Шантуут қауіпсіздік мәселелеріне жауапты ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту
Ұлттық қауіпсіздік бюросы Сириядағы барлық қауіпсіздік құрылымдарының қызметін үйлестіреді және қадағалайды. Ал Жалпы барлау қызметі барлау ақпаратын жинауға, ішкі және сыртқы мәселелер бойынша ұлттық қауіпсіздікке қатысты бағалау жүргізуге, сондай-ақ тыңшылық пен терроризмге қарсы күреске жауап береді.
Бұл тағайындаулар Сирияның жаңа билігінің ұлттық қауіпсіздікті нығайту, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету және даму мен қайта қалпына келтіру үдерісіне кедергі келтіретін мәселелерді жою жөніндегі күш-жігерінің бір бөлігі ретінде жүзеге асырылды.















