САЯСАТ
2 ... минут оқылды
Иран АҚШ-тың әскери нысандарына қарымта шабуыл жасады
Тегеран қақтығыстардың әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеп, егер АҚШ әскери операцияларын тоқтатпаса, ауқымды шаралар қабылданатынын ескертті.
Иран АҚШ-тың әскери нысандарына қарымта шабуыл жасады
Иран АҚШ-тың әскери нысандарына қарымта шабуыл жасады / Reuters

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Бахрейндегі АҚШ-тың Бесінші флотының штаб-пәтеріне дрондар арқылы шабуыл жасағанын хабарлады. Сондай-ақ бұл шабуылды «Американың Иранның оңтүстігіндегі нысандарға жасаған әуе соққыларына тікелей жауап» деп атады.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы сәрсенбі күні таңертең аймақтағы әуе және теңіз базаларымен бірге АҚШ-тың 21 әскери нысанына соққы берілгенін мәлімдеді.

Сақшылар корпусы АҚШ әскери операцияларын жалғастырған жағдайда бұдан да ауқымды шара қолдануға уәде берді. Сондай-ақ Бушер уәлаятының әуе кеңістігінде америкалық «MQ-9 Reaper» дронын атып түсіргенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек Революция сақшылары Кувейттегі Али әл-Салем әскери-әуе базасына да дронмен шабуыл жасалғанын хабарлады. Кейін Кувейт армиясы мұны растап, әуе қорғанысы жүйелері әуе нысандарын сәтті жойғанын мәлімдеді.

АҚШ Иранның оңтүстігіндегі Жаск, Сирик және Кешм аралымен бірге бірнеше нысанға ауқымды соққылар жасағаннан кейін шиеленіс күшейді.

АҚШ Иран аумағындағы 20 нысанға, соның ішінде телекоммуникация мұнараларының біріне соққы берген болатын.

Ұзақ қашықтыққа арналған зымырандар

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, қақтығыстың кеңеюіне байланысты Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Иорданиядағы әл-Азрак әскери базасына жасаған шабуылында ұзақ қашықтықтағы зымырандар қолданған.

Революция сақшылары АҚШ пайдаланатын әл-Азрак базасындағы төрт нысанды көздегенін мәлімдеді. Нысандар қатарында «F-35» жойғыш ұшақтарының қоймасы мен басқару және бақылау орталығы бар.

Ал Иордания армиясы зымырандардың әуеде жойылғанын, кейін олардың сынықтары жерге құлағанын хабарлады. Иордания күштері оқиға салдарынан адам шығыны да, материалдық шығын да тіркелмегенін мәлімдеді.

АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы әуе шабуылдарын аяқтағанын мәлімдеді

АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы АҚШ армиясына тиесілі «Apache» тікұшағының атып түсірілуіне жауап ретінде Иранға қарсы жүргізілген операциялардың аяқталғанын мәлімдеді.

ҚатыстыTRT Қазақ - АҚШ-тың «Apache» тікұшағы Ормуз бұғазы маңында апатқа ұшырады

Қолбасшылықтың хабарлауынша, АҚШ Әуе күштері мен Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік ұшақтары жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілермен Иранның Ормуз бұғазы маңындағы әуе қорғанысы нысандарына, жерүсті басқару станцияларына және бақылау радарларына соққы берген.

Мәлімдемеде бұл операцияның АҚШ күштері мен аймақ арқылы өтетін халықаралық сауда кемелеріне жасалған соңғы шабуылдарға берілген жауап екені айтылды.

АҚШ-тың бір шенеунігінің сөзінше, Иран ұшырған зымырандар мен дрондардың басым бөлігі әуеде жойылған. Сондай-ақ ол қазіргі уақытта АҚШ әскери қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ екенін және америкалық нысандарға келтірілген залал туралы мәлімет тіркелмегенін жеткізді.