Жергілікті БАҚ АҚШ Геологиялық қызметі деректеріне сілтеме жасап, дүйсенбі күні Филиппиннің оңтүстігінде болған магнитудасы 7,8 балдық жер сілкінісі салдарынан кемінде бес адамның қаза тауып, көптеген ғимараттың қирағанын жеткізді. Аймақта цунами қаупіне байланысты ескерту жарияланды.
Тынық мұхиты цунами жөніндегі ескерту орталығының мәліметіне сәйкес, Минданао аралының Сарангани уәлаяты маңында тіркелген жойқын жер сілкінісінен кейін Филиппиннің кейбір жағалауларында биіктігі 3 метрден асатын цунами толқындары болуы ықтимал.
Жер сілкінісінің ошағы Буриас қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 24,7 шақырым жерде және 35 шақырым тереңдікте орналасқан. Жерасты дүмпуі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:37-де тіркелді.
Ал Германия геологиялық зерттеу орталығы жер сілкінісінің Минданао аралында 10 шақырым тереңдікте болғанын және оның магнитудасы 8,2 балға жеткенін мәлімдеді.
Билік өкілдері оңтүстіктегі Хенерал-Сантос қаласында кемінде бес адамның қаза тапқанын растады. Табиғи апат салдарынан көптеген ғимарат зақымданып, кейбірі толық қираған.
Жер сілкінісінен кейін Филиппин, Индонезия және Жапония жағалауларына цунами қаупі туралы ескерту жарияланды. Филиппин президенті Фердинанд Маркос зардап шеккен өңірлердегі мектептерде сабақ тоқтатылғанын хабарлап, жағалау тұрғындарын шұғыл эвакуациялауға шақырды. Билік халыққа дереу қауіпсіз жерлерге көшу жөнінде үндеу жасады.
Тынық мұхитындағы «Отты белдеу» аймағында орналасқан Филиппин әлемдегі сейсмикалық белсенділігі ең жоғары елдердің қатарында.






















