Кеше Арменияда өткен парламент сайлауында премьер-министр Никол Пашинян жетекшілік ететін биліктегі «Азаматтық келісім» партиясы жеңіске жетті.
Дүйсенбі күні Орталық сайлау комиссиясы жариялаған ресми нәтижелерге сәйкес, Пашинянның партиясы 49,8 пайыз дауыс жинаған.
Ресейшіл армян кәсіпкер Самвел Карапетян бастаған «Мықты Армения» альянсы 23,3 пайыз дауысқа ие болды. Ал бұрынғы президент Роберт Кочарян жетекшілік ететін «Армения» альянсы 9,9 пайыз, «Гүлденген Армения» партиясы 4 пайыз дауыс жинап, парламенттен орын алды. Сайлауға қатысу көрсеткіші 59 пайыз болды.
Нәтижелер жарияланғаннан кейін сөз сөйлеген Пашинян бұл жетістікті «Арменияға тұрақты даму мен жарқын болашақ әкелетін тарихи жеңіс» деп бағалады.
«Батыспен жақындасу жалғасады, Ресеймен байланыс сақталады»
Сайлаудағы жеңісінен кейін сыртқы саясатқа қатысты мәлімдеме жасаған Никол Пашинян батыс елдерімен жақындасуға ниетті екенін айтып, Ресеймен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға күш салатынын атап өтті.
Урсула фон дер Ляйен әлеуметтік желідегі жазбасында Пашинянды сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Ол: «Күн сайын Еуропаға жақындап келе жатқан демократиялық Арменияны құптаймыз. Армения бізге сене алады», – деп мәлімдеді.
Оппозиция: «Сайлау әділ өткен жоқ»
Самвел Карапетян сайлау нәтижелерін «ұятты жағдай» деп бағалады. Ол сайлауалды штабының ондаған мүшесінің ұсталғанын айтып, дауыс беру барысында заңбұзушылықтар мен қысым көрсету фактілері болғанын алға тартты.
Арменияның Тергеу комитеті заңбұзушылықтар жөніндегі шағымдарға байланысты 59 қылмыстық іс қозғалғанын және 9 адамның қамауға алынғанын хабарлады.
Мәскеумен қарым-қатынас шиеленісті
Никол Пашинян билікке келген кезеңде Армения Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымымен байланысын тоқтатып, Еуроодақ және АҚШ-пен ынтымақтастығын нығайта түсті. Сондай-ақ ел Еуроодаққа мүшелікке үміткер болу бағытында бірқатар қадам басты. Ал Мәскеу өңірдегі ықпалының әлсіреуіне алаңдайтынын жасырмай келеді.
Владимир Путин мамыр айында жасаған мәлімдемесінде Украинаны мысалға келтіріп, «Бүгін Украинада не болып жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Оның бәрі неден басталды? Украинаның Еуроодаққа қосылуға ұмтылысынан», – деп, Ереванға жанама түрде ескерту жасаған еді.
Сайлаудан бұрын Ресейдің Армениядан жеткізілетін кейбір тауарлардың импортына тыйым салуы Ереванға экономикалық қысым көрсету әрекеті ретінде бағаланды.





















