Түрік аэроғарыш өнеркәсібі компаниясының (TUSAŞ) бас директоры Мехмет Демироғлу Түркияның алтыншы буын жойғыш ұшақ технологиясы саласында Еуропадағы бәсекелестерінен айтарлықтай алда екенін айтып, «Франция, Германия, Испания немесе Ұлыбритания өз жобаларын әлі іс жүзінде бастап үлгерген жоқ. Ал біз олардан әлдеқайда озып кеттік», – деді.
Мехмет Демироғлу Түркияның Германиядағы елшілігінде өткен «Өркендеп келе жатқан Түркияның авиация және қорғаныс технологиялары» атты конференцияда түрік қорғаныс өнеркәсібінің жаһандық жетістіктері мен болашаққа арналған көзқарасын таныстырды.
Демироғлу “TUSAŞ” тарихының 1973 жылы шағын ғана ғимаратта басталғанын, ал 2005 жылы шетелдік үлестердің толық сатып алынуымен компанияның 100 пайыз ұлттық құрылымға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 20 жылда адам басқаратын және ұшқышсыз әуе аппараттары, тікұшақтар мен ғарыш жобаларын қоса алғанда 13 бірегей платформа әзірленген.
Демироғлу: «Бүгінде Анкараның Кахраманказан ауданындағы аумағы 4 миллион шаршы метрді құрайтын алып кампуста 16 мың 300 қызметкер жұмыс істейді. Қызметкерлеріміздің орташа жасы – 34. Әлемнің көптеген елінде кеңсеміз бар, жақын арада Африкадағы қызметімізді де кеңейтеміз», – деді.
“TUSAŞ” – жаһандық авиация саласындағы жетекшілердің бірі
Демироғлу “TUSAŞ”-тың әлемдік азаматтық авиация нарығындағы стратегиялық рөліне тоқталып, компанияның “Airbus” пен “Boeing” үшін бөлшектер шығаратын әлемдегі санаулы кәсіпорындардың бірі екенін айтты.
«Біз азаматтық авиация құрылымдары саласында “Airbus” пен “Boeing” компанияларының ең ірі жеткізушілерінің біріміз. Кейбір маңызды бөлшектер бойынша әлемдегі жалғыз өндірушіміз. “Airbus” компаниясының ұшып жүрген ұшақтарының басым бөлігінде “TUSAŞ”-тың үлесі бар», – деді ол.
Түркия Еуропадан әлдеқайда алда
Алтыншы буын жойғыш ұшақтар саласында әлемдегі жетекші ұйымдардың біріне айналуды көздейтіндерін айтқан Демироғлу сөзін былай жалғастырды:
«Еуропада “Tempest” немесе “FCAS” сияқты жобалар талқыланып жатқанымен, Франция, Германия, Испания немесе Ұлыбритания бұл жобаларды әлі нақты іске асыра бастаған жоқ. Біз болса олардан әлдеқайда алдамыз. Ұлттық жауынгерлік ұшағымыз “KAAN”-ның 2024 жылғы 21 ақпандағы алғашқы ұшуы бүкіл елдің даму бағытын өзгертті. Түркия осы технологияны игерген әлемдегі төрт елдің қатарына қосылды. Түрік Әуе күштерінің “F-16” ұшақтарына негізделген соққы әлеуетін отандық жүйелер арқылы жаңғырту үшін белгіленген кестені мұқият орындап келеміз».
Демироғлу сондай-ақ Сомалиде құрылған ғарыш орталығының стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, ғарыш жарысы күшейген сайын әлемде ұшыру алаңдарына сұраныс артып, белгілі бір тапшылық туындайды. Сондықтан бұл инвестиция Түркияның ғарышқа ұшырудағы тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.
Ол 2020-жылдардың басында байқалған білікті кадрлардың шетелге кету үрдісі кері бағытқа өзгергенін атап өтті.
«Қазір елден кеткен қызметкерлерге қарағанда Түркияға және “TUSAŞ”-қа қайта оралып жатқан мамандар әлдеқайда көп. Бұл компания – 86 миллион азаматымыздың ортақ меншігі», – деді Демироғлу.
“TUSAŞ” басшысы шетелде білім алып жүрген жас инженерлерді Түркияға оралуға және Шетелдегі түріктер және бауырлас қауымдастықтар басқармасымен (YTB) бірлесіп жүзеге асырылатын тағылымдама бағдарламаларына қатысуға шақырды.


















