Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары қатысатын ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы Қырғызстан астанасы Бішкекте басталды.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Ырыс Ордо» Конгресс орталығында өтіп жатқан ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы аясында ұйымға мүше елдердің мемлекет және үкімет басшыларын жеке-жеке қарсы алды. Бұдан кейін дәстүрлі суретке түсу рәсімі өтті.
Садыр Жапаров алғы сөзінде Өзбекстанды 1 қыркүйек Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің осындай айтулы күні Бішкекте болғанына қуанышты екенін білдірді.
Жапаров отырыстың ШЫҰ-ның құрылғанына 25 жыл толуына тұспа-тұс келгенін атап өтіп, Қырғызстанның ұйымға төрағалығы «ШЫҰ-ға 25 жыл: Тұрақты бейбітшілік, даму және өркендеу жолындағы бірлік» ұранымен өтіп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, ұйым шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерінен халықаралық аренада ықпалды жаһандық ойыншыға дейінгі жолдан өтті. Сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үлесіне әлем халқының 40 пайыздан астамы және жаһандық жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен бірі тиесілі екенін атап өтті.
Садыр Жапаров Қырғызстанның төрағалық ету философиясы «Бірлік – өркендеудің негізі» қағидатына сүйенетінін айтып, бұл ұстаным Шанхай рухының мәнін айқын көрсететінін жеткізді.
Ол Қырғызстанның төрағалығы кезеңінде 200-ге жуық іс-шара өткізілгенін, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, экономикалық және көлік байланыстары, сондай-ақ мәдени қарым-қатынастар артқанын айтты. Сонымен қатар цифрлық даму мен жасанды интеллект ұйымның практикалық басымдықтарының қатарына енгізілгенін атап өтті.
Садыр Жапаров ШЫҰ-ның 25 жылдығы өткен ширек ғасырдың қорытындысын шығарып қана қоймай, тұрақты бейбітшілікке, ортақ даму мен өркендеуге бағытталған жаңа кезеңді бастауға маңызды мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ол мүше мемлекеттер өзара үйлестірілген шешімдер арқылы ұйымның жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді. Сөзінің соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің отырысын ресми түрде ашық деп жариялады.
Баспасөз өкілдері үшін жабық форматта жалғасып жатқан отырыстың соңында ШЫҰ-ның 25 жылдығын айшықтайтын «Бішкек декларациясына» қол қойылады.
ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына Беларусь президенті Александр Лукашенко, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, Иран президенті Масуд Пезешкиан, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Отырыстан кейін президент Режеп Тайып Ердоған қатысатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының Мемлекет және үкімет басшылары саммиті (ШЫҰ+) басталады.
ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі саналмайтын Түркия 2012 жылы ұйымға «диалог бойынша серіктес» мәртебесімен қосылған.

























