Мажарстанның Сыртқы істер министрі Анита Орбан дипломатиялық мәртебесіне сай келмейтін әрекеттерге барған 10 ресейлік дипломаттың елден шығарылғанын мәлімдеді.
Орбан сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде дипломаттардың «Мажарстан аумағында Вена конвенциясына сәйкес дипломаттар үшін жол берілмейтін әрекеттерге барғанын» айтты. Алайда ол бұл әрекеттер туралы нақты мәлімет бермеді.
«Бұл шешім Мажарстанның қауіпсіздігі мен егемендігін қорғауға бағытталған», — деді министр.
Сонымен қатар Орбан бұл қадам Мәскеумен дипломатиялық қатынастардың үзілуін білдірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Будапешт өзара құрмет пен дипломатиялық қағидаларды сақтау негізінде Ресеймен қажетті диалогты жалғастырады.
Будапешт мамыр айында да дипломатиялық мәртебесін барлау мәліметтерін жинау үшін пайдаланды деген күдікпен бір ресейлік дипломатты елден шығарған еді.
Орбан сондай-ақ Украина батысындағы мажар ұлтының өкілдері көп тұратын Закарпатье аймағына Ресейдің ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасаған шабуылдарынан кейін Ресей елшісі Евгений Станиславовты Сыртқы істер министрлігіне шақырған болатын.
«Ресей елшісіне Закарпатьеге шабуыл жасаудың Мажарстан үшін мүлде қолайсыз екенін айттым», - деген еді Орбан.
Сыртқы істер министрі Ресейді Украинадағы соғысты тоқтату үшін «дереу атысты тоқтатуға және соғысты мүмкіндігінше тез арада бейбіт әрі тұрақты жолмен аяқтауға» күш салуға шақырды.
















