Түркия осы күзде БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі «COP31» конференциясын өткізуге қатысты келісімге Германияның Бонн қаласында өткен кездесуде қол қойды.
Министрліктің «Nsosyal» әлеуметтік желісіндегі хабарламасына сәйкес, Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі әрі «COP31» конференциясының төрағасы Мурат Курум Бонндағы Климаттың өзгеруі жөніндегі конференция аясында ұйымдастырылған қол қою рәсіміне қатысты.

Курум бұл хаттамаға БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының атқарушы хатшысы Саймон Стиллмен бірге қол қойды.
Инклюзивті үдеріс
Қол қою рәсімінен кейін министр Түркияның БҰҰ хатшылығымен сындарлы ынтымақтастығы алдағы уақытта да нығая түсетінін мәлімдеді.
Боннға сапары барысында Курум қараша айында Түркияда өтеді деп жоспарланған «COP31» климат конференциясын ұйымдастыру үдерісіне қатысты бірқатар кездесу өткізді.
Ол Африка климаттық келіссөздер тобының, Шағын арал мемлекеттері одағының 11 елден тұратын тобының, Латын Америкасы мен Кариб елдері тобының және Араб елдері тобының өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ Германияның Қоршаған орта, климаттық іс-қимыл, табиғатты қорғау және ядролық қауіпсіздік жөніндегі министрінің орынбасары Йохен Фласбартпен келіссөз жүргізді.
Тараптардың ұсыныстары мен талаптарын тыңдаған министр ешкім шеттетілмейтін, барлық тараптың қатысуын қамтамасыз ететін «COP» үдерісі үшін жұмысты жалғастыра беретіндерін атап өтті.
«COP31» конференциясы Түркияның ұйымдастыруымен 9–20 қараша аралығында Анталияда өтеді.





















