Түркия Еуропалық инвестициялық банктен (ЕИБ) жасыл трансформация мақсаттарын жүзеге асыру үшін 200 миллион еуро көлемінде қаржы тартты.
Анадолы агенттігінің тілшісі Қазынашылық және қаржы министрлігінен алған мәліметке сәйкес, Түркияның қолайлы шарттармен сыртқы қаржыландыру тарту жұмыстары жалғасуда.
ЕИБ қаражаты есебінен Түркияның жасыл трансформация мақсаттарын қолдау үшін Қазынашылықтың қайтару кепілдігімен жалпы сомасы 200 миллион еуроны құрайтын екі бөлек қаржыландыру келісіміне қол қойылды.
Түркияның жаһандық климаттық мақсаттары мен жасыл өсім стратегиясына сәйкес тартылған бұл қаржы нақты сектор мен экспорттаушылардың жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі, сондай-ақ жасыл және тұрақты өнеркәсіп салаларындағы инвестицияларын қолдауға бағытталған.
Аталған несиелерді қоса есептегенде биыл тартылған қолайлы шарттардағы сыртқы қаржыландыру көлемі 4,9 миллиард долларға жетті.
«Түркияға көрсетілетін қолдау артып келеді»
Қазынашылық және қаржы министрі Мехмет Шимшек бұл мәселеге қатысты пікірінде ЕИБ-пен тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде Түркияның даму мақсаттарына бағытталған жобаларына көрсетілетін қолдау көлемі артып келе жатқанын айтты.
Министр Шимшек Еуропалық одақпен (ЕО) қарым-қатынастарға тоқталып, былай деді:
«Еліміздің ЕО-мен қарым-қатынасындағы оң серпіннің нәтижелері сыртқы қаржыландыру саласында нақты көріне бастады. Осы аяда ЕИБ еліміздің даму басымдықтарын қолдау мақсатында қолайлы шарттардағы қаржыландыру мүмкіндіктерін қайта іске қосты. Бұл 2023 жылы жер сілкінісінен кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына берілген несиені есептемегенде соңғы сегіз жылдан бергі алғашқы қадам болып отыр», – деді ол.





















