Линдмайер Израиль 2023 жылдың қазан айынан бері шабуыл жасап, қоршауда ұстап отырған Газа секторындағы денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Оның айтуынша, бұрын Газа секторында түрлі медициналық бағыттарды қамтитын, күрделі емдеу шараларын жүргізуге қабілетті денсаулық сақтау жүйесі болған. Сондықтан жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін басқа елдерге жіберілетін науқастар саны өте аз еді.
Линдмайер қазіргі жағдайды былай сипаттады: «Бұрын Газада білікті дәрігерлер мен медбикелер жеткілікті, медициналық білім беру жүйесі кеңінен дамыған, ал вакцинация деңгейі 90 пайыздан асатын денсаулық сақтау жүйесі болды. Қазір бұл жүйе іс жүзінде күйреді. Бүгінде шамамен 2,1 миллион адам көмекке мұқтаж. 36 аурухананың тек 19-ы жартылай жұмыс істеп тұр. Қалғандары толығымен қызметін тоқтатқан. Демек қазір Газада толыққанды жұмыс істейтін бірде-бір аурухана жоқ».
Линдмайердің мәліметінше, көмекке мұқтаж 2,1 миллион адамға небәрі 3 мыңнан сәл астам аурухана төсегі қарастырылған. Ал қарқынды терапия бөлімдерінде пайдалануға жарамды шамамен 100 төсек бар.
Сондай-ақ босану бөлімдерінде шамамен 120 төсек қана қалған.
«Денсаулық сақтау жүйесі толығымен күйреді. Бұл өте өкінішті, өйткені бір кездері Газада медициналық қызмет көрсету жүйесі жақсы дамыған еді», – деді ол.
Линдмайер Газадағы науқастарға, балаларға, аналар мен әкелерге, жалпы көмекке мұқтаж адамдарға қажетті медициналық көмекті жеткізу мүмкін болмай отырғанын айтты.
Оның сөзінше, гуманитарлық көмек жеткізуге бірқатар кедергі бар.
«Ең алдымен, инфрақұрылым мен жолдар қираған. Бұған қоса, рұқсат алу рәсімдері де үлкен қиындық туғызуда. Қазір бір жүк жөнелтілімін Израиль тарапынан мақұлдату үшін орта есеппен 74 күн, яғни екі жарым ай қажет. Рұқсат алынғаннан кейін де жүкті тиеп, шекарадан өткізіп, Газаға жеткізу, содан соң қажетті аймақтарға тасымалдау керек. Ал рұқсат берілмесе, бүкіл рәсімді қайта бастауға тура келеді. Бұл тағы да орта есеппен 74 күн күтуді білдіреді», – деді Линдмайер.
Ол шағын дәрі-дәрмек қаптамаларына рұқсат алу уақыты қысқарақ әрі бас тарту жағдайлары сирек кездесетінін атап өтті. Ал ірі медициналық құрылғылар мен зертханалық жабдықтарды кіргізуге рұқсат өте сирек беріледі немесе оны алу ұзақ уақытқа созылады.
«Зертханалық жабдық болмаса, ауруды анықтай алмайсыз. Індеттің басталғанын немесе аурудың таралып жатқанын тексеру мүмкін болмайды. Сүйек сынғанда немесе ішкі қан кету кезінде медициналық бейнелеу құрылғылары қажет болуы мүмкін. Егер мұндай құрылғылар жұмыс істемесе, науқас зардап шегеді, тіпті Газадан тыс жерде қарапайым ем-шара арқылы шешуге болатын мәселенің салдарынан көз жұмуы мүмкін. Ең үлкен мәселе – осы», – деді ол.
Линдмайер Газаға кірген жүк көліктері мен контейнерлердің санына назар аударылғанымен, көмектің нақты кімдерге жеткені көп жағдайда ескерілмейтінін айтты. Оның сөзінше, медициналық жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің кешігіп жеткізілуі жүздеген адамның алдын алуға болатын өліміне себеп болып отыр. Ол мұндай жағдайға мүлде жол беруге болмайтынын атап өтті.
Сондай-ақ гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктері Газаға кіргеннен кейін де қираған жолдар, бақылау бекеттері мен жалғасып жатқан шабуылдар салдарынан қажетті жерге жете алмайтынын жеткізді.
Линдмайердің айтуынша, көмектің Газаға жеткізілуі оның науқастарға жеткенін білдірмейді.
Ол Газадағы жанармай тапшылығы да денсаулық сақтау жүйесіне ауыр әсер етіп отырғанын атап өтті. Ең алдымен, жедел жәрдем көліктерінің жұмыс істеуі үшін жанармай қажет.
«Газаның электр энергиясына қажеттілігі толығымен генераторлар арқылы қамтамасыз етіледі»
Линдмайер қақтығыстардың алғашқы кезеңінде-ақ электр желілері ажыратылғанын еске салды.
«Қазір Газаның электр энергиясына қажеттілігі толығымен генераторлар, яғни резервтік қуат көздері арқылы қамтамасыз етіледі. Аурухананың күнделікті жұмысын жалғастыру үшін көп мөлшерде жанармай қажет. Операциялық және босану бөлімдерін, медициналық бейнелеу құрылғыларын іске қосу, ғимараттарды жарықтандыру және дәрігерлердің маңдай шамымен емес, қалыпты жарықта операция жасауын қамтамасыз ету үшін электр қуаты керек. Жанармай болмаса, бұл жүйелер жұмыс істемейді», – деді ол.
Линдмайер жанармай тапшылығы кезінде таза суға қол жеткізу де қиындайтынын, сондай-ақ көптеген қажетті құрылғыны пайдалану мүмкін болмайтынын айтты.
Оның айтуынша, Газадағы тағы бір күрделі мәселе – науқастарды медициналық эвакуациялау.
2023 жылдың қазан айынан бері шамамен 14 мың науқас эвакуацияланғанын атап өткен Линдмайер бұған үлес қосқандардың барлығына алғыс білдірді.
«Әлі де эвакуацияны ұзақ уақыттан бері күтіп жүрген мыңдаған адам бар. Оның үстіне жағдайы ауыр кейбір науқастарды эвакуациялау мүмкін болмай отыр», – деді ол.
Линдмайер Газаның денсаулық сақтау жүйесін қайта қалпына келтіру ұзақ уақытты қажет ететінін атап өтті.
«Ертең бейбітшілік орнап, қалпына келтіру жұмыстарын бірден бастасақ та, бәрін бұрынғы қалпына келтіру үшін жылдар қажет болады», – деді ол.



















