Израильдік министр жақында жарияланған АҚШ–Иран келісіміне ықпал еткен Түркия–Катар–Пәкістан ынтымақтастығының күшеюіне алаңдаушылық білдірді. Амихай Чикли аталған келісімнің Израиль үшін алаңдатарлық сипатқа ие екенін айтты.
Бұл жағдай Беньямин Нетаньяхуға саяси сынның да күшеюіне себеп болды. Бұған дейін Нетаньяху Израильдің АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерден тыс қалғанын мойындаған еді.
Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ президенті Дональд Трамп пен Нетаньяху арасындағы қарым-қатынастың салқындағанын, Трамптың Ливандағы әскери операцияларға байланысты Нетаньяхуды сынға алғанын хабарлады.
Келісім бірнеше аптаға созылған өңірлік дипломатиялық күш-жігердің нәтижесінде жасалды. Пәкістан негізгі араағайын ел болса, Катар байланыс арналарының құрылуына ықпал етті. Ал Түркия белсенді дипломатиялық қолдау көрсетті. Президент Режеп Тайып Ердоған келісімді Израиль шабуылдарынан туындаған өңірлік қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалады.
Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фидан да келісімді құптайтынын айтып, оның бейбітшілік архитектурасына үлес қосатынына үміт білдірді.
Президент Ердоған Израильдің Газа, Ливан және Сирияға жасаған шабуылдарын айыптап, Израильдің бақылаусыз агрессиясы өңірлік тұрақтылық пен Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін ескертті.



















