7-8 шілде күндері Анкарада өтетін НАТО көшбасшылары саммиті қарсаңында Анкара әуежайы ашылды. Режеп Тайып Ердоған жаңа көлік инфрақұрылымы делегациялардың тікелей қатынауына мүмкіндік беретінін айтты.
Анкара әуежайының ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Ердоған НАТО саммиті қарсаңында бұл жобалардың Анкараның авиациялық және көлік инфрақұрылымын нығайтатынын атап өтті.
«Бөлінген автожол учаскесіндегі 3 шақырымдық қосымша жол арқылы НАТО саммитіне қатысатын делегациялардың тікелей қатынауын қамтамасыз етеміз», – деді ол.
Анкара әуежайы ішкі және халықаралық рейстерді қабылдайтын Эсенбога әуежайынан кейінгі екінші әуежай болды.
Ердоған әуежай мен оған қатысты жобалардың 230 күн ішінде аяқталғанын айтып, ұзындығы 6,5 шақырым бөлінген жол мен 6 шақырымдық бір жолақты автожолды қамтитын жалпы 12,5 шақырымдық жалғаушы жол салынғанын жеткізді.
Президенттің айтуынша, бұл жобалар Анкара әуежайынан қала орталығына дейін созылатын 17 шақырымдық көлік желісін қалыптастырды.
Түркия халықаралық дипломатияның маңызды орталығына айналуда
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкараның халықаралық дипломатиядағы рөлінің жыл сайын артып келе жатқанын айтты.
Ердоған: «Түркия халықаралық дипломатияның орталығына айнала бастады», – деді.
Сондай-ақ ол 2026 жылы Түркия өткізетін бірқатар маңызды халықаралық іс-шараға тоқталды. Олардың қатарында 5–7 маусым күндері Стамбулда өткен, 183 елден 5 мыңнан астам қатысушы жиналған «Нөлдік қалдық» форумы бар.
Президенттің айтуынша, Түркия қазан айында 77-Халықаралық астронавтика конгресін өткізеді. Бұдан кейін қараша айында Түркі Мемлекеттері Ұйымының 13-көшбасшылар саммиті және Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясын ұйымдастырады.
Әуежай ресми рейстерді қабылдауға дайын
Ердоған: «Анкара әуежайы арқылы бас қалаға жаңа нысан ғана сыйлаған жоқпыз, сонымен қатар авиация тарихымызда терең із қалдырған мұраны қайта жаңғырттық», – деді.
Президенттің айтуынша, Түркия Республикасының негізін қалаушы Гази Мұстафа Кемал Ататүріктің тапсырмасымен 1933 жылы салынған және ұзақ жылдар бойы әскери авиация орталығы ретінде пайдаланылған әуежай жаңартылып, заманауи келбетке ие болды.
Президент: «Ұшу-қону жолағының ұзындығын 2 450 метрден 3 000 метрге, енін 42 метрден 60 метрге дейін ұлғайттық. Жолақ жиектерін толық жаңарттық. Ұшу-қону жолағының екі басына жалпы ауданы 15 мың шаршы метр болатын екі бұрылыс алаңын салдық. Аумағы 160 мың шаршы метр жаңа перрон арқылы бір мезгілде 44 ұшақты қауіпсіз орналастыруға мүмкіндік беретін жоғары сыйымдылық қалыптастырдық», – деді.

Сондай-ақ ол ұшу-қону жолағы мен рульдеу жолдарындағы жарықтандыру жүйелері, қонуға жақындау шамдары мен бағыттау белгілері халықаралық азаматтық авиация стандарттарына сай жаңартылғанын айтты.
Президент әуежай аумағында 4 800 шаршы метр жабық алаңы бар мемлекеттік қонақүй мен 310 автокөлікке арналған ашық автотұрақ салынғанын да мәлімдеді.
Ердоғанның айтуынша, кеңейтілген ұшу-қону жолағы, жаңа перрондар, заманауи рульдеу жолдары және жаңартылған инфрақұрылымның арқасында Анкара әуежайы кең фюзеляжды ұшақтар мен ресми рейстерді қабылдауға толық дайын.
Сондай-ақ ол ұзындығы 140 метр «Башкент» авиация көпірінің жоғары жылдамдықты теміржол желісінің үстінен салынғанын атап өтті. Ердоғанның сөзінше, салмағы 10 мың тонна болатын көпір табаны Түркияда бұрын қолданылмаған әдіспен орнатылған.
Эсенбога әуежайы мереке күндері Түркиядағы ең қарқынды жұмыс істеген төртінші әуежай атанды
Президент тоғыз күндік Құрбан айт мерекесі кезінде елдегі барлық әуежайларда жалпы саны 51 мың 962 рейс орындалып, 7,6 миллион жолаушыға қызмет көрсетілгенін айтты.
«Эсенбога әуежайы 2 мың 557 әуе рейсі мен 382 мың жолаушы көрсеткішімен еліміздегі ең қарқынды жұмыс істеген төртінші әуежай болды. Осыдан 20 жыл бұрын жылына 3 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен Эсенбога әуежайы бүгінде жыл сайын шамамен 15 миллион жолаушыға қызмет көрсетіп отыр», – деді.
Сондай-ақ Ердоған Анкара әуежайының ашылуы Эсенбога әуежайына апаратын бағыттағы әуе және автокөлік қозғалысының жүктемесін азайтуға көмектесетінін атап өтті.
Ердоған мінген ұшақ салтанатты рәсім алдында Анкара әуежайында су шашу рәсімімен қарсы алынды.
Дұға оқылғаннан кейін президент Анкара әуежайын, «Башкент» авиация көпірін және оған жалғасатын жолдарды ресми түрде ашты.





















