Әлемдегі ең ірі авиация, ғарыш және технология фестивалі «TEKNOFEST»-тің алғашқы күнінде түрлі әуе көрсетілімдері өтіп жатыр.
Көрсетілімдер Түркияның отандық және көп мақсатты «T-70» тікұшағынан парашютпен секіруден басталды. Кәсіби әскери қызметшілер қатысқан көрсетілім барысында жоғары биіктікке көтерілген «T-70» тікұшағынан парашютшілер секірді. Аспанда Түркия туы мен Ататүріктің бейнесін желбіреткен парашютшілер фестиваль қонақтарының қошеметіне бөленді.
Сондай-ақ «Baykar» компаниясы әзірлеген «Bayraktar AKINCI» ұшқышсыз ұшу аппараты да көкке көтерілді. Озық технологиясы мен заманауи қару-жарағымен ерекшеленетін «Bayraktar AKINCI»-ның көрсетілімі көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Әуеде 24 сағаттан астам уақыт ұша алатын, жасанды интеллектпен жабдықталған «Bayraktar AKINCI» фестиваль аумағын әуеден тікелей түсірді. Бұл кадрлар көрермендерге үлкен экрандар арқылы көрсетілді.
Сондай-ақ фестивальда моторлы параплан және дельтаплан ұшқыштары әуеге көтерілді. Аспанда қалықтаған түрлі-түсті қанаттар фестивальге келген көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Фестиваль 4 қазанға дейін жалғасады.




























