Сейсенбі күні сөз алған Шара Сирияға салынған қатаң санкциялар алынғаннан кейін елдің қайта жанданғанын айтып, бұл экономиканың қалпына келуіне, шетелдік инвестициялардың артуына және Сирияның өңірдегі рөлінің күшеюіне жол ашқанын жеткізді.
Дубайда өткен Араб медиа саммитінде сөз сөйлеген Шара Сирияның 1979 жылдан бері қолданылып келген, әлемдегі ең ауқымды санкциялық режимдердің біріне тап болғанын айтты.
Сирия басшысы санкцияларды алып тастау туралы шешімнің қабылдануына араб елдері көшбасшыларының араағайындығы және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның АҚШ президенті Дональд Трамппен жүргізген келіссөздері ықпал еткенін атап өтті.
Шараның айтуынша, Сирия экономикасы 2010 жылы шамамен 60 миллиард доллар болса, 2024 жылға қарай 20 миллиард долларға дейін төмендеген. Алайда содан бері 32 миллиард долларға дейін өсіп, биыл 50 миллиард долларға жетуі мүмкін.
Ол халықаралық жағдай тұрақты болған жағдайда үкімет бағдарламалары алдағы бес-он жыл ішінде ел экономикасын шамамен 200 миллиард долларға жеткізуді көздейтінін айтты. Сондай-ақ БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар және Кувейттен инвесторлар Сирияға келе бастағанын, бірқатар келісім жасалып, кейбір жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Сирия президенті сонымен қатар елінің қандай да бір сыртқы күштің ықпалына ермейтінін баса айтып, Дамаск билігі араб және ислам әлемімен қарым-қатынасқа мән бере отырып, ұлттық мүдделерді басшылыққа алатынын мәлімдеді.























