Израиль Ұлыбританияның оккупацияланған Шығыс Иерусалимдегі консулдығын жабуды талап етті. Израильдік ресми тұлға мен мәселеден хабардар екі дереккөздің мәліметінше, онда қызмет ететін дипломаттардың аккредитациясы 30 күн ішінде күшін жояды.
Екі дереккөздің айтуынша, Израильдегі АҚШ жетекшілік ететін Газаны үйлестіру миссиясына қатысатын Ұлыбритания өкілдері мен Рамаллада қызмет ететін британдық дипломаттар жеті күн ішінде кетуі тиіс.
Израильдің Сыртқы істер министрі Гидеон Саар сейсенбі күні Ұлыбританияның Батыс Шериядағы Израильдің заңсыз қоныстарына санкция салуына жауап ретінде Лондон Палестина әкімшілігі жанында тіркелген Шығыс Иерусалимдегі консулдығын жабуы тиіс екенін мәлімдеді.
Ұлыбританиямен бірге Франция мен Канада да заңсыз қоныстарда өндірілген тауарларды импорттауға тыйым салатынын хабарлады.
Мәселеден хабардар үш дереккөздің айтуынша, санкцияларды алдын ала күткен Израиль үкіметі сәрсенбі күні Ұлыбританияның бастамасын қолдаған елдерге қатысты жауап шараларын талқылау үшін жиналады.
Барлық дереккөз аты-жөнін жарияламау шартымен ақпарат берді.
Беньямин Нетаньяхудың кеңсесі түсініктеме беру туралы өтінішке жауап бермеді.
Ұлыбританияның бастамасын қолдаған Франция мен Швецияның да оккупацияланған Шығыс Иерусалимде Палестина әкімшілігі жанында тіркелген консулдықтары бар.
Израиль бұған дейін де оккупацияланған Батыс Шериядағы Рамаллада дипломатиялық өкілдіктерді жабуға мәжбүрлеген. Кананың да бұл қалада өкілдігі бар.


















