Трамп әкімшілігі Ресейдің Украинамен төрт жарым жылдан бері созылып келе жатқан соғысын аяқтау бағытындағы бастамаларын қайта жеделдетіп жатқанда, АҚШ өкілдері Джаред Кушнер мен Стив Уиткофф жексенбі күні Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.
Ресей президенті Владимир Путинмен өткізілген үш сағаттық кездесуде соғысқа қатысты ешқандай ілгерілеушілік байқатпаған Кушнер мен Уиткофф сенбі күні Мәскеуден аттанды.
Сайлау науқанын соғысты жылдам аяқтау уәдесімен жүргізген АҚШ президенті Дональд Трамптың қолдауымен, АҚШ араағайындығымен өткен бұрынғы бейбітшілік келіссөздері өте аз нәтиже берді. Трамп жұма күні АҚШ-тың жаңа ұсынысы бар екенін мәлімдеді, бірақ мәселенің егжей-тегжейін ашып айтпады.
Путин сенбі күнгі кездесуді «өте пайдалы» деп бағаласа, Ақ Үй өкілі медиаға таяу апталарда жаңа қадамдардың жарияланатынын хабарлады.
Екі өкіл Киевте Зеленскиймен және басқа да жоғары лауазымды украин шенеуніктерімен кездесті.

Вашингтонның кез келген бейбіт келісім үшін басты рөл атқаратынына сенетін Зеленский АҚШ келесі жазда өтетін президенттік сайлауға назар аудара бастағанға дейін бейбітшілік орнатуға мүмкіндік бар екенін айтты. Өкілдердің Киевке келуі қарсаңында әлеуметтік желіде жасаған хабарламасында ол келіссөз тобымен дайындық кездесуін өткізгенін және Украинаның соғыстың аяқталуын қалайтынын білдірді.
Зеленский: «Кауіпсіздік кепілдіктері қажет. Соғыстан кейін ар-намысты бейбітшілік қажет. Біздің ұсыныстарымыз дайындалды», — деп атап өтті.
Шабуылдардың уақытша тоқтатылуы
Мәселеге жақын дереккөздің “Reuters” агенттігіне берген ақпараты бойынша, ұлыбританиялық, француз және неміс ұлттық қауіпсіздік кеңесшілері де жексенбі күні Киевте болған, алайда аталған шенеуніктердің қай жиындарға қатысатыны нақтыланбаған.
Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Кушнер бейбітшілік елшісі мәртебесінде Мәскеуге бірнеше рет барған еді. Дегенмен бұл екі өкіл жексенбі күні АҚШ келіссөз жүргізушілері ретінде Киевке алғаш рет сапарлап отыр.
Бұған дейінгі келіссөздерде тараптар шығыстағы Донбасс аймағының болашағын қоса алғанда, бірқатар түйткілді мәселелер бойынша бір-бірінен алшақ ұстанымдарын сақтап қалды. Ресей Украинадан аймақта әлі де бақылауында ұстап отырған және бекіністермен әлеуеттендірілген елді мекендер сызығынан шегінуді талап етті, бірақ Киев өңірдегі болмысын жылдар бойы жалғастыра алатынын алға тартып, бұл талапты кері қайтарды.
Украина тұрғысынан Ресейді жаңа шабуылдардан тоқтату үшін еуропалық одақтастары мен АҚШ тарапынан берілетін нақты қауіпсіздік кепілдіктері өміршең маңызға ие.
Құрлықтағы соғыстың майдан сызықтары айтарлықтай өзгеріссіз қалғанымен, соңғы апталарда Ресей мен Украина күштері алыс қашықтықтағы әуе шабуылдарын үдетті.
Ресей жұма күнгі SBU қауіпсіздік қызметінің штаб-пәтеріне жасалған соққыны қосқанда, соңғы екі апта бойы Украина астанасын зымырандармен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен күндіз-түні үздіксіз соққыға жығуда.
Екінші жағынан, Украина жаз бойы Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына, мұнай терминалдарына және 1Wildberries1 онлайн ритейлерінің қоймаларына ауыр соққы бағыттады.
Кремль Киевке бағытталған шабуылдарды дүйсенбіге дейін тоқтататынын хабарласа, Зеленский де Украинаның Мәскеуге жасалатын шабуылдарын тоқтататынын білдірді.
Украина жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде түнде Ресей аумағының шамамен 480 километр (300 миль) түкпірінде орналасқан Рязань мұнай өңдеу зауытына соққы бергенін және шабуылдың өртке әкеп соқтырғанын хабарлады.

















