Президент Режеп Тайып Ердоған осыдан 30 жыл бұрын «Шанхай бестігі» деген атаумен іргетасы қаланған Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) уақыт өте келе 30-ға жуық ел мен халықаралық ұйымның басын қосқан ең ірі аймақтық ұйымға айналғанын атап өтті.
Президент Ердоған Қырғызстанның ұйымдастыруымен өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы Саммитіне қатысқаннан кейін Бішкектен елге қайтар жолда ұшақта күн тәртібіне баға берді.
Президент Ердоған «ең батыстағы азиялық және ең шығыстағы еуропалық ел» ретінде Түркиямен бірдей құндылықтарға ие әрбір бастаманың табиғи бөлігі болуды жалғастыратындарын баса айтып, «Әсіресе аймағымызда болып жатқан түрлі қақтығыстар мен дағдарыстарды халықаралық құқық негізінде диалог пен дипломатия арқылы шешуге бағытталған принципімізді сақтаймыз», — деді.
Журналистердің Грекияның қарусыздандырылған мәртебедегі аралдарды қаруландыруына қатысты сұрағына жауап берген Ердоған:
«Біз Грекиямен тату көршілік қарым-қатынас негізінде алға жылжығымыз келеді. Біз әрқашан конструктивті ұстаным танытқан тарап болдық. Алайда көбіне ізгі ниетіміздің қарымтасын көре алмадық. Грекия мынаны түсінуі керек: Түркия ешкімнің жеріне көз алартпайды, бірақ өзінің де құқығын таптатпайды. Халықаралық келісімдерді елемеу мен оларды бұзу ешкімге пайда әкелмейді. Түркияның сабырлы әрі парасатты ұстанымын әлсіздік деп бағалайтындар ашық айтайын, үлкен қателік жасап отыр. Грекия бұл теріс жолынан қайтып, қарусыздандырылған мәртебедегі аралдарды қаруландырудан бас тартуы тиіс. Тарих сабақ алатындар үшін ең жақсы бағдаршам болып табылады. Біз аймағымызда бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылық үшін жұмыс істеуді жалғастырамыз», — деді.























