АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, жартылай өткізгіштерді жеткізудің сенімді тізбегін қалыптастыруды көздейтін халықаралық «Pax Silica» бастамасына қатысушы елдер мен АҚШ арасында жасанды интеллект саласы бойынша жаңа келісімге қол жеткізілді.
«Сан-Франциско декларациясына» АҚШ, Австралия, Үндістан, Израиль, Жапония, Оңтүстік Корея, Катар, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері және Ұлыбритания қол қойды. Құжат озық жасанды интеллект технологияларын дамытуға қажетті маңызды инфрақұрылым мен жеткізу тізбектерін нығайтуды көздейді.
Декларацияда экономикалық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі екені атап өтілген. Сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы ортақ мақсаттарды жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобын құру қарастырылған.
Құжатта жасанды интеллект технологияларына қажетті бағдарламалық қамтамасыз етуге, материалдарға, ақпарат пен құрамдас бөлшектерге, сондай-ақ физикалық және цифрлық инфрақұрылымға төнетін кез келген қауіп қатысушы елдердің экономикалық және ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретіні айтылған.
Вашингтон 2025 жылдың желтоқсанында маңызды минералдар, энергетика және жасанды интеллект инфрақұрылымы салаларын қамтитын сенімді жеткізу тізбегін құру мақсатында «Pax Silica» халықаралық ынтымақтастық бастамасын жариялаған болатын.
АҚШ жетекшілік ететін бұл бастамаға Жапония, Израиль, Австралия, Сингапур, Нидерланд, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері және Үндістан қатысады.





















