Режеп Тайып Ердоған Урсула фон дер Ляйенмен телефон арқылы сөйлесіп, аймақтағы шиеленістің күшеюі Түркия мен Еуропалық Одақ арасындағы қатынастардың стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқын көрсеткенін атап өтті.
«Nsosyal» платформасында Түркия Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы жариялаған мәліметке сәйкес, сейсенбі күні өткен телефон әңгімесінде Түркия–Еуропалық Одақ байланыстары, сондай-ақ өңірлік және жаһандық мәселелер талқыланған.
Телефон әңгімесі барысында Режеп Тайып Ердоған Түркияның аймақта жалғасып жатқан қақтығыстарды тоқтатып, бейбітшілік орнату үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Сонымен қатар Ормуз бұғазының мүмкіндігінше тезірек қайта ашылуы қажет екенін атап өтті.
Ердоған аймақтағы қақтығыстардың жалғасуына Израиль себеп болғанын, сондай-ақ «теңіз қарақшылығы» деп бағаланған әрекеттермен қатар халықаралық құқықты бұзуды жалғастырып отырғанын жеткізді. Осыған байланысты ол Израильге халықаралық қысымды күшейту қажет екенін айтты.
Президент Ердоған сондай-ақ Түркияның Еуропаның қауіпсіздік стратегиясына қатысты бастамаларына қатысуының пайдалы болатынын, Түркия мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеден одағын жаңарту қажеттігін және экономикалық ықпалдастықты тереңдету мен ортақ мүдделерді ілгерілету үшін ынтымақтастықты барлық салада кеңейту керектігін атап өтті.


























