Түркия дүйсенбі күні Газаға бет алған «Жаһандық Сумуд» флотына халықаралық су айдынында Израильдің жасаған шабуылын айыптап, оны «тағы бір қарақшылық әрекет» деп атады.
Түркия Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде Израиль күштерінің Газаға гуманитарлық көмек жеткізу мақсатында жолға шыққан флотқа кедергі келтіргені айтылды.
Министрлік мәлімдемесінде «Израиль күштерінің халықаралық су айдынында гуманитарлық көмек жеткізу мақсатында Газаға бет алған «Жаһандық Сумуд» флотына жасаған шабуылын тағы бір қарақшылық әрекет ретінде айыптаймыз», – делінген.
Мәлімдемеде флот құрамында шамамен 40 елдің азаматы бар екені атап өтіліп, Израильдің «шабуыл мен қорқыту саясаты» халықаралық ынтымақтастықты тоқтата алмайтыны айтылды.
Министрлік сондай-ақ Израильді бұл әрекетті дереу тоқтатуға және ұсталған белсенділерді шартсыз босатуға шақырды.
Түрік билігі флоттағы Түркия азаматтарының елге аман-есен оралуы үшін қажетті шаралар жүргізілгенін және жағдайдың басқа елдермен үйлестіріле отырып мұқият бақыланып отырғанын хабарлады.
Израиль әскері дүйсенбі күні Газаға бет алған «Жаһандық Сумуд» гуманитарлық көмек флотына халықаралық су айдынында шабуыл жасады. Флоттан жүргізілген тікелей эфирлерде Израиль әскери-теңіз күштерінің кемелерді біртіндеп тоқтатып жатқаны көрінеді.
Израильдің «Yedioth Ahronoth» басылымының жазуынша, ұсталған белсенділер Ашдод портына жеткізілер алдында «қалқымалы түрме» деп сипатталған әскери кеме бортына ауыстырылған.
Флот белсенділері өз мәлімдемесінде гуманитарлық миссия үшін «қауіпсіз өткел» талап етіп, Израильді «заңсыз қарақшылық әрекеттер жасады» деп айыптады.
Мәлімдемеде «Израиль күштері әскери кемелермен флотты тоқтатып, күндіз халықаралық су айдынында алғашқы кемемізге шабуыл жасады. Заңды әрі бейбіт гуманитарлық миссиямыз үшін қауіпсіз өткел талап етеміз», – делінген.



















