Түркия бейсенбі күні Израиль министрінің заңсыз израильдік қоныстанушылармен бірге Әл-Ақса мешітіне басып кіру әрекетін айыптады.
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде «Израильдік министрдің бір топ заңсыз қоныстанушымен бірге Әл-Ақса мешітіне басып кіруін айыптаймыз», – делінген.
Мәлімдемеде мұсылмандар үшін қасиетті орын саналатын Әл-Ақса мешітінің тарихи және құқықтық мәртебесін бұзатын бұл арандатушылық әрекеттердің өңірдегі шиеленіс пен тұрақсыздықты одан әрі ушықтыруы мүмкін екені атап өтілді.
Сондай-ақ мәлімдемеде «Палестина халқының заңды құқықтарын қорғау және Израиль басып алған Шығыс Иерусалим мен ондағы қасиетті орындарға қарсы жасалып жатқан заңбұзушылықтардың алдын алу үшін халықаралық қауымдастықты жауапкершілік алуға шақырамыз», – делінген.
Министр Ицхак Вассерлауф еврей күнтізбесі бойынша Израильдің 1967 жылы Шығыс Иерусалимді басып алу күнін еске алу шарасынан екі күн бұрын Әл-Ақса мешітіне басып кірді.

Вассерлауф — Итамар Бен-Гвир жетекшілік ететін әсіре оңшыл Оцма Йехудит партиясының мүшесі. Ол бұған дейін де Бен-Гвирмен бірге осы аумаққа кірген болатын. Бұл әрекеттер мұсылмандар тарапынан айыпталды.
Израильдің әсіре оңшыл топтары 1967 жылы Шығыс Иерусалимнің басып алынуына орай мешіт кешеніне басып кіру әрекеттерін жасауға шақырып, бейсенбі күні қалада шеру өткізуді жоспарлаған.
















