ТҮРКИЯ
2 ... минут оқылды
Хакан Фидан Түркі Мемлекеттері Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысады
Хакан Фидан Қазақстанның Түркістан қаласында Түркі Мемлекеттері Ұйымы (ТМҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысады.
Хакан Фидан Түркі Мемлекеттері Ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысады
Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан / AA

Түркия Сыртқы істер министрлігі дереккөздерінің мәліметінше, Фидан 15 мамыр жұма күні Түркістанда ТМҰ-ның бейресми саммитіне Режеп Тайып Ердоғанмен бірге қатысады. Сонымен қатар ол сол күні саммит қарсаңында ұйымдастырылатын ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына да қатысады.

ҚатыстыTRT Қазақ - Президент Ердоған Түркістан қаласына жол тартты

Түркі Мемлекеттері Ұйымының 2025 жылдың 7 қазанында Габала қаласында өткен 12-саммитінде қабылданған декларацияда Түркияның бастамасымен ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің жиі-жиі басқосуы жөніндегі ұсыныс бекітілген болатын.

Осы аяда Түркияның бастамасымен 7 наурызда Стамбулда және 18 сәуірде V Анталия дипломатиялық форумы аясында ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми кездесулері өтті.

Түркістанда өтетін бұл кезекті кездесу барысында ТМҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері соңғы үш айда үшінші рет басқосады.

Жиынға Түркиядан бөлек Қазақстан, Әзербайжан, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстанның Сыртқы істер министрлері және ТМҰ Бас хатшысы қатыспақ.

Кездесу барысында ұйым аясындағы ынтымақтастық бағыттары талқыланып, Иран мен Газадағы ахуалмен бірге өзекті өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасу көзделіп отыр.

Отырыстың соңында ТМҰ Хатшылығының институционалдық және цифрлық әлеуетін нығайту туралы Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешіміне қол қойылмақ.

Хакан Фидан өз сөзінде түркі мемлекеттері арасындағы саяси диалог, сауда, энергиямен жабдықтау қауіпсіздігі, көлік-логистикалық байланыс, мәдениет, білім беру және цифрлық трансформация салаларындағы ынтымақтастықтың тереңдей түскеніне қанағаттанатынын жеткізбек.

Сондай-ақ Фидан президент Ердоғанның үндеуіне сәйкес, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы мен кипрлік түріктердің халықаралық қауымдастықта лайықты орын алуы үшін түркі әлемінің бірлесе әрекет етуінің маңызын атап өтеді.

Министр Ирандағы оқиғалардың жаһандық қауіпсіздік пен экономикаға теріс әсері бар екенін және бұл жағдайлар түркі әлемі үшін балама көлік дәліздерінің маңызын тағы бір мәрте көрсеткенін жеткізбек. Сонымен қатар Ормуз бұғазының геосаяси мақсаттарға пайдаланылмауы және теңізде еркін жүзу қағидатының сақталуы аса маңызды екені атап өтіледі.

Фидан Пәкістан және басқа да өңірлік серіктестермен бірге қақтығыстың түбегейлі тоқтатылуына бағытталған дипломатиялық бастамаларды қолдауды жалғастырудың маңызын атап өтпек.

Сапар аясында Хакан Фидан ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерімен екіжақты кездесулер өткізеді.

Іздеу
Түркі мемлекеттерінің басшылары Түркістанда басқосады
Хакан Фидан Ормуз бұғазының «қару» ретінде пайдаланылмауы керектігін мәлімдеді
Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Катарда
Израиль бітім келісіміне қарамастан Ливанның оңтүстігіне шабуылдады
Ресей Украинаға 200-ден астам қарулы дронмен шабуылдады
Испаниядан Еуропа армиясын құру туралы үндеу келді
Біріккен Араб Әмірліктері Иран аумағына жасырын шабуыл жасаған
Иранмен соғыс америкалықтарға миллиардтаған долларлық қосымша шығын әкелді
Заңсыз мигранттардың АҚШ-та дүниеге келген балаларына азаматтық берілмеуі мүмкін
Ғалымдар коронавирус пен тұмау сияқты вирустарды дыбыс толқындарымен жойды
«Барселона» клубының жас жұлдызы Ламин Ямаль Палестина туын желбіретті
Атысты тоқтату мерзімі аяқталғаннан кейін Ресей Киевке дрон шабуылын жасады
Израиль ЕО-ны қатаң сынға алды
ЕО Сириямен ынтымақтастықты толық қалпына келтірді
Президент Ердоған Бельгия патшайымы Матильданы қабылдады