Түркия экспорттаушылар мәжілісі таратқан мәліметке сәйкес, астық, бұршақ дақылдары, майлы дақылдар және олардан өндірілген өнімдер секторы жылдың алғашқы төрт айында 3,9 миллиард доллар көлемінде өнім экспорттады.
Күнбағыс майы, шоколад, какао өнімдері, макарон, печенье мен вафли, түрлі кондитерлік өнімдер және бидай ұны секілді негізгі азық-түлік тауарларын қамтитын бұл сектордың экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем жағынан 16,7 пайыз, ал құн жағынан 5,2 пайыз төмендеді.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда экспорт көлемі 24 пайыз артып, 452,2 миллион долларға жеткен күнбағыс майы секторы бірінші орынға шықты. Одан кейін экспорты 14,4 пайыз азайып, 343,2 миллион долларды құраған шоколад және какао өнімдері бар.
Түркия экспорттаушылар мәжілісі Астық, бұршақ дақылдары, майлы дақылдар және олардан өндірілген өнімдер жөніндегі салалық кеңестің төрағасы Ахмет Тирякиоглу құрғақшылық қаупі мен тыңайтқыш жеткізудегі қиындықтарға байланысты бидай бағасының өскенін мәлімдеді.
Тирякиоглу Түркияның әлемдегі қолайсыз ахуалды отандық өндірістің әлеуеті арқылы еңсеруге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Жылдың алғашқы төрт айында көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болған жауын-шашынның арқасында жеріміз суға жақсы қанықты. Сондықтан биыл бидаймен қатар астық түсіміне қатысты жақсы болжамдар бар. Әлемдік бағаның құбылмалылығы күшейген кезеңде мол өнімге деген үмітіміз және оны өңдеуге қабілетті өнеркәсіптік инфрақұрылымымыз Түркияны тек өз қажеттілігін қамтамасыз ететін ел ғана емес, сонымен қатар өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтатын стратегиялық тірекке айналдырады», - деді Тирякиоглу.
















