“Washington Post”, “ABC News” және “Ipsos” жүргізген сауалнамаға сәйкес, америкалықтардың 44%-ы жоғары бағаларға байланысты көлікті сирек пайдаланатынын, ал 42%-ы үй шаруашылығы шығындарын қысқартқанын айтты. Қатысушылардың 34%-ы сапар және демалыс жоспарларын өзгерткенін білдірді.
“American Automobile Association” деректеріне сәйкес, ел бойынша бензиннің орташа бағасы галлонына 4,43 долларға дейін өсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңіндегі 3,15 доллардан айтарлықтай жоғары.
Энергия нарығын бақылайтын “GasBuddy” компаниясының мұнай сарапшысы Патрик Де Хаан қазіргі деңгейдің «алаңдатарлық рекорд» екенін айтып, бағалардың алдағы апталарда одан әрі өсуі мүмкін екенін ескертті.
Ал Ақ Үй бұл өсімді уақытша деп санайды. Өкіл Тейлор Роджерс бағаның көтерілуін «қысқа мерзімді іркілістер» деп түсіндіріп, Ормуз бұғазындағы теңіз қозғалысы қалыпқа келген соң энергия шығындары төмендейтінін мәлімдеді.
Алайда қоғамдық пікір басқа. “Quinnipiac University” жүргізген сауалнамаға сәйкес, сайлаушылардың шамамен 65%-ы бензин бағасының жоғары болуына Трампты жауапты деп санайды.
Сонымен қатар Трамп Конгреске жасаған мәлімдемесінде АҚШ-тың 7 сәуірден бері Иранмен тікелей қақтығысқа түспегенін айтып, жауластық аяқталды деп мәлімдеді. Алайда демалыс күндері ол Иран ұсынған жаңа бейбітшілік жоспарын қарастырып жатқанын, соған қарамастан Тегеран «жеткілікті дәрежеде құн төлемеді» деп есептейтінін айтты.
Трамп сондай-ақ Иран қайтадан «қате қадам басатын болса», әскери араласу мүмкіндігі де қарастырылып отырғанын жеткізді.













