Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Атлант мұхитында жүзіп бара жатқан жолаушылар кемесінде үш адамның қаза тапқанын, зертханалық талдаулар нәтижесінде өлімге хантавирустың себеп болғанын мәлімдеді. Хантавирус әдетте кеміргіштерден адамға жұғады.
Індет «MV Hondius» кемесінде, Аргентинаның Ушуая қаласынан Жасыл Мүйіс аралдарына бағыт алған сапар барысында тіркелген.
Ұйым: «Қазіргі уақытқа дейін хантавирус жұқтыру жағдайы расталды, тағы бес күмәнді жағдай бар», – деп хабарлады.
Сонымен қатар Йоханнесбург қаласында ем алып жатқан бір науқастың да тесті оң нәтиже көрсеткен. Хантавирус – ішкі қан кетумен бірге қызба мен ауыр тыныс алу жолы ауруларын тудыруы мүмкін вирус.
Жағдай тексерілуде
Инфекция көбіне вирусты тасымалдайтын кеміргіштердің зәрі немесе нәжісімен байланыс нәтижесінде жұғады. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы: «Сирек жағдайда хантавирус адамдар арасында да таралып, ауыр тыныс алу жолдары ауруына әкелуі мүмкін», – деп мәлімдеді.
Індеттен қайтыс болған алғашқы адамның 70 жастағы жолаушы екені және оның кемеде көз жұмғаны хабарланды.
Оның 69 жастағы жұбайы Оңтүстік Африкаға жеткізілгенімен, ол да сол жерде қайтыс болды. Үшінші адамның мәйіті қазір кемеде.
Кеме Испанияға қарасты Канар аралдарына қарай жолын жалғастырмас бұрын, науқас екі жолаушыны Жасыл Мүйіс аралдарында карантинге алу жөнінде келіссөз жүргізілуде.
Нидерландта орналасқан «Oceanwide Expeditions» компаниясына қарасты «MV Hondius кемесі» шамамен 170 жолаушы мен 70 экипаж мүшесіне арналған.









