Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя Ресейдің Иранға АҚШ-пен соғысты аяқтау үшін келіссөздерге қайта оралу бойынша қысым жасамайтынын мәлімдеп, Тегеранның егемен мемлекет ретінде өз шешімін өзі қабылдауы керектігін қоса айтты.
Бейсенбі күні Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Ресей елшісі Мәскеудің Иранмен қарым-қатынасын Иран үкіметін АҚШ-пен келіссөздерге қайта оралуға ынталандыру үшін пайдаланып-пайдаланбайтыны туралы сұраққа былай деп жауап берді: «Ресей принципті түрде мейлі Иран болсын, мейлі басқа ел болсын, ешкімге қысым жасамайды. Иран — егемен ел, өз шешімін өзі қабылдайды».
Небензя Ресейдің Иранмен қақтығыс төңірегінде талқылаулар жүргізіп жатқанын атап өтті, алайда соғыстың тұтануына немесе оның жалғасуына Тегеран жауапты деген пікірді жоққа шығарды.
Небензя Иранға қарсы «ойланбай жасалған және арандатусыз агрессия» үшін АҚШ-ты айыптап, бұл жағдайдың қайнар көзі Иранның әрекеттері немесе әрекетсіздігі еместігін жеткізді.
Ресей елшісі: «Ортадағы дәнекерлердің көмегімен АҚШ пен Иран арасында қол жеткізілген келісімдерді орындаудан бас тартқан тарап Иран болды деп ойламаймын. Сондықтан бұл үшін Иранды айыптауымыз керек деп есептемеймін», — деп қосты.
«Бұны да еңсереміз»
Небензя АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран экономикасын оқшаулау және Тегеранмен қарым-қатынасын жалғастырып жатқан елдерге, соның ішінде Ресейге де санкция салу мақсатында жаңа науқан бастағанын хабарлауына қатысты, Мәскеудің мұндай қысымдарға үйренгенін айтып, былай деді: «Ресей экономикасын оқшаулауға бағытталған сондай көп санкция мен қорқыту көрдік, қазір енді оларға аса мән де бермейміз».
Небензя Ресейдің батыстың бұрынғы санкцияларына бейімделгенін және жаңа шектеулерге де төтеп бере алатынын айтып, «Бұны да еңсереміз деп ойлаймын. Ресей экономикасы үшін алаңдамаңыздар», — деді.
Ресей елшісі сонымен қатар Трамптың Ормуз бұғазын АҚШ территориясы деп жариялау ұсынысы туралы сұраққа: «Бұны халықаралық құқыққа сәйкес қалай жүзеге асыруға болатынын білмеймін», — деп жауап берді.




















